Павлодарда «Атамекен» мен адвокаттар алқасы кәсіпкерлерді қорғауда күш біріктірді

Павлодарда «Атамекен» мен адвокаттар алқасы кәсіпкерлерді қорғауда күш біріктірді
Фото: atameken.kz

Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасы мен облыстық адвокаттар алқасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Құжаттың мақсаты – кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, кәсіпкерлікке заңсыз қысым көрсетудің алдын алу, сондай-ақ қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істерді және әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатын істерді қарау барысында кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылу тәуекелдеріне уақтылы ден қою мақсатында үшжақты ынтымақтастықты дамыту.

 Меморандумға «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Айдос Шайхислам мен Павлодар облыстық адвокаттар алқасы президиумының төрағасы Әлбек Сәрсенбаев қол қойды. 

– Ынтымақтастық аясында палата мен адвокаттар алқасы кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге, негізсіз қылмыстық қудалаудың, әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартудың, азаматтық және әкімшілік істерді қарау кезінде кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуының, сондай-ақ бизнеске қысым көрсетудің өзге де түрлерінің алдын алуға қолдау көрсетеді, – деді Айдос Шайхислам.

Меморандумға сәйкес, адвокаттар бизнес құқықтарының бұзылу фактілері туралы Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасын ерте кезеңде хабардар етуге жәрдемдеседі. Сондай-ақ тараптар бизнес мүдделеріне әсер ететін құқықтық қолдану тәжірибесіндегі анықталған жүйелі мәселелер жөнінде ақпарат алмасады. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының заңнамасын және құқықтық қолдану тәжірибесін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, бірлескен талдамалық, әдістемелік, консультациялық және білім беру іс-шараларын өткізу, сондай-ақ екі тараптың жұмыс топтарына қатысуы көзделген.

Сонымен қатар, Павлодар облысының адвокаттар алқасы мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы осы құжатқа қол қою арқылы кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қылмыстық, әкімшілік және азаматтық сот ісін жүргізу, сондай-ақ әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу шеңберінде қорғауға жәрдемдесуді жоспарлап отыр.

Айта кетелік, келісім белгіленбеген мерзімге жасалды. Оны бұзу Құжат тараптардың бірі оның қолданылуын тоқтату туралы екінші тарапқа жазбаша хабарлама жолдағанға дейін күшінде болады.