«Павлодар барысы» кімге бұйырды?
«Қазақстан барысы» республикалық чемпионатының облыстық іріктеу кезеңіне жиырмаға жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, 5 тамыз күні «Бірлік» спорт сарайында қазақ күресінен «Павлодар барысы-2026» облыстық іріктеу турнирі өтті.
«Қазақстан барысы» финалына жолдама алу үшін аймақтың 10 ауданы мен үш қаласынан келген 18 спортшы бақ сынады. Олардың қатарында қалалық және аудандық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болды.
Жарыс қорытындысы бойынша Баянауыл ауданының өкілі Мұхтар Дәулетханұлы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Аққулы ауданынан келген Рахат Манап иеленсе, үшінші орын шарбақтылық Темірғалы Құдайбергеновке бұйырды.
Чемпионға медаль, «Павлодар барысы-2026» белдігі және 150 мың теңгенің ақшалай сертификаты табысталды. Күміс жүлдегер 100 мың теңгелік, қола жүлдегер 50 мың теңгелік сертификатқа ие болды.
Айта кетелік, республикалық кезеңнің финалы 15 тамыз күні елордадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді. «Қазақстан барысы» ұлттық байқауында Павлодар облысының намысын өңірлік кезеңнің жеңімпазы мен екінші орын иегері қорғайды.