Павлодар облыстық филармонияға бір бөлмелі пәтердің бағасына тең аспаптар жеткізілді
Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы жаңа мерейтойлы 85-маусымды музыкалық аспаптар қорын ауқымды жаңартумен қарсы алуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгінде мекеме 55 жаңа музыкалық аспап алды. Филармонияның музыкалық аспаптарын, сахналық жабдықтарын және материалдық-техникалық базасын жаңарту Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда.
Алғашқы партия шілде айының соңында жеткізілді. Оның құрамында Германия, Франция, Жапония, АҚШ және Ресейдің жетекші өндірушілерінің 21 түрлі аспабы бар. Олардың қатарында фагот, кларнет, виолончель, контрабас, саксофондар, баяндар, клавинола және басқа да аспаптар бар. Олар филармонияның ірі шығармашылық ұжымдарына – Рүстебек Омаров атындағы қазақ халық аспаптар оркестріне, симфониялық және джаз оркестрлеріне, «Лад» ансамбліне арналған. Екінші партия бүгін жеткізілді. Оның ішінде домбыра, қыл-қобыз, жетіген, керней, сыбызғы және басқа да 34 ұлттық музыкалық аспап бар.

– Ерекше атап өтерлігі, келген аспаптардың 14-і филармонияда бұрын-соңды болмаған. Олардың қатарында вибрафон, фагот, контрабас, сыбызғы, сазсырнай, керней, аса таяқ және басқа да аспаптар бар. Жаңа аспаптардың арасында әлемдік музыкалық нарықта жоғары бағаланатын брендтердің өнімдері де бар. Мәселен, симфониялық оркестр үшін алынған немістің әйгілі «Adler» фирмасының фаготы музыканттардың көптен күткен аспаптарының бірі болған, – деді филармония басшысы Амангелді Қожанов.
Сондай-ақ бас гитаралардың әлемдік үздік үштігіне кіретін «Mayones» брендінің аспабы да алынған. Музыканттар үшін мұндай аспаптардың сапасы мен техникалық мүмкіндіктері аса маңызды.

Жалпы осы бағыттағы жұмыстарға 235 миллион теңге бөлінген. Қаражат музыкалық аспаптармен қатар сахналық жарық, LED-жабдықтар, дыбыс аппаратурасы, сахналық киімдер және басқа да қажеттіліктерге жұмсалады.
– Біздегі көптеген аспаптардың пайдалану мерзімі өтіп кеткен, шамамен 90 пайызы өзінің ресурсын орындаған. Сондықтан бұл жаңарту – өте маңызды. Қазіргі таңда негізгі қажеттіліктерімізді толық қамтамасыз еттік деуге болады. Әрине, болашақта тағы да қажет дүниелер бар. Олардың барлығын бір маусымда шешу мүмкін емес. Бұл – кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыс, – дейді Амангелді Қожанов.

Жаңа аспаптар 85-маусымда филармония ұжымының репертуарын кеңейтіп, шығармалардың сапалы орындалуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұрын қолданылмаған аспаптарды енгізу арқылы жаңа ансамбльдер мен шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға жол ашылмақ.
Қазақтың ішекті аспаптарын жасауды Қосшы қаласынан келген 40 жастағы шебер Ұлар Қожайұлына сеніп тапсырды. Ол бұл кәсіппен 20 жылдан астам уақыт айналысып келеді. Жұмысқа кіріспес бұрын шебер Баянауылдың тумасы, белгілі шебер Қамар Қасымовтың тарихы мен шығармашылық мұрасын жан-жақты зерттеген. Бұл жергілікті домбыра жасау мектебінің ерекшеліктерін, аспаптарды жасау және олардың үн шығару дәстүрлерін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.

Филармонияның симфониялық оркестр әртісі Алмас Нұғыманов 13 жылдан бері күткен жаңа фаготын енді қолға алды. Музыканттың айтуынша, аспаптың қымбаттығына байланысты оны жеке қаражатына сатып алу мүмкін болмаған.
– Филармонияға келген кезімнен бастап осы аспапты алып беруді сұрап жүрдім. Кейін тіпті сұрағанымды да ұмытып, үмітімді үзген едім. Фагот – симфониялық оркестр үшін өте қажет аспап. Менің бұрынғы аспабым ескіріп қалған еді. Шамамен 10 жыл бұрын өзіме қолданыста болған фагот сатып алғанмын. Ал жаңа аспаппен кез келген шығарманың күрделілігіне қарамай еркін ойнай аламын. Төменгі немесе жоғарғы ноталарды орындау кезінде де қиындық болмайды. Сондықтан бұл – мен үшін үлкен қуаныш, – дейді Алмас Нұғыманов.

Еске сала кетейік, бұған дейін мекеме жаңа заманауи әрі жайлы автобус алған болатын. Бұл әртістерге Павлодар облысының аудандарына, Қазақстанның басқа өңірлеріне және жақын шетел мемлекеттеріне гастрольдік сапарларын қайта жандандыруға мүмкіндік берді.

Бүгінде филармонияда 300-ге жуық кәсіби артист жұмыс істейді. Мекеме құрамында облыстағы ең ірі 10 шығармашылық ұжым бар. Оларды жетекші мамандар басқарады. Алдағы уақытта тағы 20-ға жуық аспап жеткізіледі. Жыл соңына дейін концерттік костюмдерді жаңарту да жоспарланып отыр. Сахналық жабдықтарды жаңғырту жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар, ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізуге арналған ғылыми-жобалық құжаттаманы әзірлеу аяқталды. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланған.