Павлодарда Абайдың туған күніне орай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды
Шараға аймақ басшысы, қоғам өкілдері, шығармашылық зиялы қауым, ардагерлер мен жастар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгін, Абай күніне орай, Павлодар қаласында қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.

Қазақ халқының ұлы перзентіне деген құрметтің белгісі ретінде ескерткішке қоғам өкілдері, шығармашылық зиялы қауым, ардагерлер мен жастар гүл шоқтарын қойды. Рәсімге қатысушылармен бірге Абай рухына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов та тағзым етті.

Жиналғандар қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, рухани және әдеби мұрасы ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған ұлы ақынның рухына құрмет көрсетті.


Абайдың шығармашылығы мен философиялық көзқарастары бүгінгі күні де ерекше маңызға ие. Оның туындылары білімге, еңбекке, адамгершілікке және үнемі дамуға ұмтылуға үндеп, талай ұрпақ үшін даналықтың әрі рухани бағдардың қайнар көзі болып келеді.