Павлодарда алғаш рет балабақшалардың аумағы жаңартылуда

Павлодарда алғаш рет балабақшалардың аумағы жаңартылуда
Фото: Константин Шелков

Қазіргі уақытта екі балабақшада жұмыстар толық аяқталып, тағы бір нысанда құрылыс жалғасып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байхановтың Павлодар қаласын аралауы  барысында айтылды.

Шаһар басшысы Хасар Хабылбековтің айтуынша, жаңа ойын алаңдары балалардың жас ерекшелігіне қарай екі бөлікке бөлінген. Бірі – 2-4 жас аралығындағы, екіншісі 4-6 жастағы балаларға арналған. Барлық жұмыстар қауіпсіздік және нормативтік талаптарға сәйкес жүргізілуде.

– Бүгінгі күні екі балабақша бойынша жұмыстар аяқталды, бір балабақшада жұмыстар жалғасып жатыр. Жобаларды шілде айының соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді Хасар Хабылбеков.

Өңір басшысы Асайын Байханов бұл жобаның бұрын-соңды жүзеге аспағанын атап өтті.

– Бұл – тарихта алғаш рет қолға алынып отырған жұмыс. Осы уақытқа дейін балабақшалардың сыртқы алаңдары жаңартылған емес. Биылдан бастап 22 балабақшаның ауласын жаңартамыз. Мұнда тек ойын алаңдарын орнату емес, кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Бұған дейін мектептер, ауруханалар, емханалар және қосымша білім беру мекемелерінің аумақтары жаңартылды. Енді балабақшалардың ойын алаңдарын жаңарту – басты міндеттердің бірі, – деді облыс әкімі.

Қалада барлығы 64 балабақша бар. Жоспар бойынша олардың барлығы алдағы үш жыл ішінде кезең-кезеңімен жаңартылады. Жыл сайын орта есеппен 20-22 балабақша қамтылмақ.

Хасар Хабылбековтің мәліметінше, бір балабақшаның ауласын толық жаңартуға шамамен 140 миллион теңге қажет.

– Бұл қарапайым ойын алаңдарына қарағанда бірнеше есе қымбат. Себебі мұнда элементтер саны көп әрі қауіпсіздік талаптары жоғары, – деді Асайын Байханов.

Сондай-ақ әр балабақша аумағында 6-10 ойын алаңы орналасатыны айтылды. Бұдан бөлек, былтыр облыс әкімінің тапсырмасымен барлық білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің аумақтарында асфальттау жұмыстары толық аяқталған.