NVIDIA Екібастұздағы жобаның келесі кезеңіне қатысуға ниетті

NVIDIA Екібастұздағы жобаның келесі кезеңіне қатысуға ниетті
Фото: pexels.com / UMA media

Компания Қазақстандағы жасанды интеллект инфрақұрылымының даму қарқынына жоғары баға берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA компаниясының вице-президенті Рев Лебаредянмен кездесті. Келіссөз барысында Екібастұзда жүзеге асырылып жатқан «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасы да талқыланды.

– Рев Лебаредян Қазақстандағы жасанды интеллект инфрақұрылымының даму барысын жоғары бағалап, NVIDIA компаниясының «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» жобасының келесі кезеңіне қатысуға ниетті екенін жеткізді, – деп хабарлады Ақорда.

Жоба бастапқыда қуаты шамамен 30 МВт болатын есептеу инфрақұрылымын құруды көздейді. Кейін оның көлемін 1 ГВт-қа дейін арттыру жоспарланған. Президент жобаны жүзеге асыру үшін NVIDIA және Firebird компанияларымен жасалған келісімдердің маңызын атап өтті.

NVIDIA – 1 қазанда Екібастұздағы жобаға қызығушылық танытқан жалғыз халықаралық компания емес.

Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев General Atlantic компаниясының төрағасы және бас директоры Уильям Фордпен кездесті. Ақорданың мәліметінше, халықаралық инвестициялық компания да Екібастұздағы жобаға қатысуға қызығушылық танытып отыр.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің делегациясымен кездесуде G42 компаниясының «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» ауқымды экожүйесін құруға қатысу мүмкіндігін қарастырды.

Еске сала кетейік, маусым айында жасанды интеллект және цифрлық инфрақұрылым саласында жалпы құны 10 миллиард доллар болатын келісімдерге қол қойылды.