Павлодарлықтар мемлекеттік қызметтердің бағасына әсер ете ала ма?
Өтініштерді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті қарайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратов мәлім етті.
Басқарма басшысының айтуынша, 2023 жылдың басынан бері облыс тұрғындарынан 175 өтініш түссе, оның бесеуі – арыз-шағым. Хаттардың басым бөлігі монополистердің қызметіне, шот-фактураға, техникалық шарттарды беруге қатысты.
– Табиғи монополия субъектiсiнiң қызметi тұтынушыға зиян келтiргенi туралы ақпарат алсақ, әрекет жасап, тергеу ашамыз. Егер бұл расталса, шара қолданамыз. Тарифтерге келетін болсақ, тарифтерді өзгертуді қолға алып жатырмыз. Бір айдың ішінде монополистер есептер мен құжаттарды тапсыруы керек, содан кейін шешім қабылдаймыз. Негізінен бастама табиғи монополиялардан туындап отыр, – дейді Нұрлан Нұрмұратов.
Басқарма басшысының айтуынша, оның іс-тәжірибесінде облыс тұрғындарының өтініштерінен кейін мемлекеттік қызметтердің бағасы өзгерген жағдайлар болмаған. Қалай болғанда да, басқарма тарифтерді көтеру туралы өтініштерді қарау кезінде халықтың төлем қабілеттілігі мен өңірдегі инфляция деңгейін басшылыққа алады. Бірақ бәрібір кәсіпорындарды қолдау басты критерий болып табылады.
Қазіргі уақытта департамент тарифті төмендету мақсатында қуаты аз монополистердің қызметін тексеріп жатыр. Монополист жылу энергиясын өндіру саласында жұмыс істейді. Зерттеудің нәтижесі шілде айының соңында белгілі болады, содан кейін ведомство түпкілікті шешім қабылдайды.
Бөлімге электронды үкімет порталы арқылы немесе қолма-қол – Академия Сәтбаев көшесі, 136, 4-қабат мекенжайы бойынша хабарласуға болады.