Павлодарда IT бағы ашылды
Бүгін бақта 100 түп түрлі ағаш пен бұта отырғызылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Дүние жүзіндегі көптеген ірі қалалардың өздерінің IT парктері бар. Ал енді Павлодарда IT бағы ашылды. Ақпараттық технологиялар колледжінде салынып жатқан Apple IT бағы «Alma strIT» деп аталды.
– IT әлемінде алма - баршаға белгілі табыс символы. Біз «Jylyjai - TeplITsa» IT хабымыздың алдында өз аумағымызды алма бағымен толықтыруды ұйғардық. Енді «Alma strIT» шабыттанатын, тың идеялар мен пікірлестерді іздейтін орын болмақ. Біз өз өмірін «цифрландырумен» байланыстыратындардың барлығын осында күтеміз, - дейді ақпараттық технологиялар колледжінің басшысы Серік Жартыбаев.
IT бағы Лермонтов көшесінің бойындағы ашық алаңқайда салынды. Колледж басшысының айтуынша, бүгінгі шараны жай сенбілік деуге келмес. Оны мереке деп те, тимбилдинг деп те, тіпті үлкен жаңалықтың басы деуге де болады.
Колледж ұжымы мен студенттеріне ұжымның серіктестері, кәсіпкерлер, тіпті жас IT мамандар да қосылды. Олардың қатарында Павлодар облысының цифрлық технологиялар басқармасы, Цифрландыруды дамыту орталығы, «INTERACTIVE TKR» ЖШС, «Bilim» ғылыми-өндірістік орталығының өкілдері бар. Павлодар балалар-жасөспірімдер экология және туризм орталығы көшет отырғызу материалдарымен қамтамасыз етті, сондай-ақ өздерімен бірге көшеттерді ала келгендер де аз болмады.
Айта кетейік, ақпараттық технологиялар колледжі биыл 55 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл тек оқу орнына ғана емес, туған қаламызға да символикалық сыйлық болды. Бақ барлық павлодарлықтарға қолжетімді ашық алаңның бір бөлігі болып табылады.
Сенбілікке қатысушылар уақыттарын көңілді өткізді. Барлығын ретке келтіріп, ағаштар отырғызды - «Alma strIT» бағы тек 45 алма ағашының көшетімен ғана емес, сонымен қатар 20 жүзім бұталарымен, 10 алмұрт ағаштарымен, қара өрік, қарақат, бадам, шие және тобылғының бес-бес көшеттерімен безендірілді. Колледждің кәсіподақ ұйымының қолдауымен палау және басқа да тәттілер әзірленді.