Павлодарда алғаш рет Абайдың қара сөздері аудио форматта жарық көрді

Қаланың түкпір-түкпірінде Абайдың қара сөзі естілетін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жобаның авторы – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 'Халық радиосының' тілшісі Елдос Төлеубаев. Оның айтуынша, бұл бастама бала күнгі арманы болатын. Мектеп қабырғасында жүргенде Абай оқуларына қатысып, Нұрлан Өнербаевтың оқыған қара сөздерін кассетадан тыңдағаннан кейін, «осындай дүниені өзім де бір жасасам» деген ой туған.
– Арада 24-25 жыл өтті. Бүгін сол арман жүзеге асты. Аудио жоба Астана қаласынан келген кәсіпкер Жанна Слямованың демеушілігімен жүзеге асты, – дейді Елдос Төлеубаев.
Сонымен қатар, «Аманат» партиясының облыстық филиалы мен Павлодар қалалық мәслихатының депутаты, «Крендель» ЖШС бас директоры Мәдина Тоғжанқызы да қолдау көрсеткен.
Жобаны жасауға екі ай уақыт кеткен. Автордың айтуынша, 45 қара сөзді жазу оңай болмаған. Әр жазылған нұсқа тыңдалып, көңілге қонбаған тұстары қайта жазылған. Қара сөздерді өз дауысымен оқып, әр сөздің мағынасын терең түсініп барып дыбыстаған.
– Абайдың қара сөздері бір күнде жазылмаған, әрқайсысы жылдар бойы жинақталып, терең мағынамен келген. Сондықтан мен де әр сөзге жауапкершілікпен қарадым, – дейді ол.
Аудиожинақ «Айқара» порталында, «Халық радиосында» ойнатылатын болады. Сондай-ақ, болашақта қалалық трамвай мен автобустарда да Абайдың қара сөздерін қою жоспарланып отыр.
Жоба демеушісі Жанна Слямова Абай атындағы №10 қазақ лицейін бітірген. Сөз арасында бұл бастамаға қатысу – өзі үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті:
– Елдос екі ай бұрын хабарласып, қолдау көрсететін адам бар ма деп хабарласқан еді. Мен ойланбастан келісім бердім. Ұлы Абайдың шығармаларын осылайша көпшілікке қолжетімді ету – мен үшін үлкен абырой, – дейді кәсіпкер.
Жобаға шамамен екі миллион теңге жұмсалған. Қолдаушылар мен атсалысқандардың барлығы –автордың жақын таныстары, достары.
Жобаның авторы аудиожинақ кітап оқымай кеткен жастар үшін мотивация болады деп сенеді. Тыңдап, ойланып, жаттап алар деген де сенімі бар.