Лофт бұрыш: Павлодарда мүмкіндігі шектеулі жандарға дауыс беру үшін жағдай жасалған
Жарымжан жандар үшін үйден дауыс беру қарастырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
№ 40 сайлау учаскесінің төрағасы Динара Байтілесованың айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін компьютер қойылған арнайы лофт бұрышы мен кабина дайындалған. Көзі көрмейтін адамдарға Брайль шрифті бар пернетақта, нашар еститіндерге құлаққап пен аудиожазба ұсынылады. Сайлау учаскесіне келгісі келгендер үшін қажетті жағдайлар жасалған.
Қала тұрғыны Ерлан Құрманғазин елдегі өзгерістер үшін сайлауға келгенін айтады.
– Елімізде өтіп жатқан сайлау өз нәтижесін береді, сайланғандар өмір сүру сапасын жақсарта түседі деп сенемін. Мүмкіндігі шектеулі адамдар да қоғамға белсенді қатысып, дамуы керек, үйде отырып қалмауы тиіс, – дейді Ерлан Құрманғазин.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысында таңғы жетіден бастап 523 сайлау учаскесі іске қосылды. Олардың жүзден астамы облыс орталығында орналасқан.
Сайлау учаскелері сағат 20:00-ге дейін ашық болады. Облыста сайлауда дауыс беруге құқығы бар 512 200 кәмелетке толған тұрғын бар.