Еңбек жолы: Павлодар облысында үздік еңбек әулеттері мен өндіріс қызметкерлері анықталды
Жыл сайын 27 қыркүйекте Қазақстанда Еңбек күні аталып өтеді. Бұл күн – өңірлер мен тұтас елдің дамуына күн сайын өз еңбегімен үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетуге арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осыған орай «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы» бастамасы аясында елімізде «Еңбек жолы» байқауы өткізіледі. Доданың негізгі мақсаты – үздік еңбек әулеттері мен өндіріс қызметкерлерін анықтау, жастар арасында еңбекке деген құрметті қалыптастыру, сондай-ақ еңбек дәстүрлерін сақтау және кейінгі ұрпаққа жеткізу.
Павлодар облысында байқаудың өңірлік кезеңі өтіп, үздіктер анықталды. Биыл «Еңбек жолы» байқауына қатысу үшін 13 кәсіпорын мен екі ұйымнан өтінім түскен. Өңірлік комиссия үш номинация бойынша жеңімпаздарды таңдады.

«Үздік еңбек әулеті» номинациясында «Богатырь Көмір» ЖШС-де еңбек ететін үш ұрпақтан құралған Поляковтар отбасы жеңімпаз атанды. Әулеттің жалпы еңбек өтілі – 130 жыл.
Отбасы дәстүрін жалғастырып, машинист мамандығын таңдаған Андрей Поляковтың айтуынша, мұндай байқаулар еңбек әулеттерінің тарихын дәріптеуге мүмкіндік береді.

– Қазір арамызда жүрген жақындарымыздың да, өмірден өткен жандардың да еңбегін дәріптеп, кейінгі ұрпаққа олардың жолын жалғастыруға болатынын көрсету маңызды. Біздің отбасымызда нағыз еңбек әулеті қалыптасқан: әкем де, атам да локомотив жүргізген. Мен де олардың жолын жалғастырып, машинист мамандығын таңдадым, – дейді Андрей Поляков.
Оның сөзінше, машинист мамандығы үлкен жауапкершілікті, мұқияттылықты және күйзеліске төзімділікті талап етеді. Себебі маман тек өзі үшін ғана емес, пойыздағы адамдардың қауіпсіздігі үшін де жауап береді.
– Ең бастысы – өзіңе шынымен ұнайтын істі табу. Егер адам сүйікті ісімен айналысса, жұмысқа қуана келеді. Мұндай еңбек кәсіби тұрғыдан өсуге, өзін-өзі дамытуға және өмірден өз орныңды табуға мүмкіндік береді, – дейді ол.
«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясының жеңімпазы — «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС-нің бесінші разрядты диірмен машинисі Бекмұрат Сағынбаев. Оның кәсіпорындағы еңбек өтілі 10 жылды құрайды. Осы уақыт ішінде ол 50-ден астам жас маманды даярлаған.

Ал «Өндірістің үздік жас қызметкері» номинациясы «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-нің бесінші разрядты қазандық жабдығы бойынша машинист-шолушысы Әділ Маликовқа берілді. 1997 жылы туған маманның кәсіпорындағы еңбек өтілі – бес жыл. Әріптестері оның жауапкершілігі мен еңбекқорлығын атап өтеді.
Әділ Маликов үшін энергетика саласындағы жұмыс – кәсіби дамумен қатар, елдің энергетикалық қауіпсіздігіне үлес қосудың мүмкіндігі.
– Менің мамандығым – бүкіл Қазақстанды электр энергиясымен қамтамасыз етуге үлес қосатын маңызды сала. Біз энергияны тек Екібастұзға немесе Павлодар облысына ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріне де жеткіземіз. Сонымен қатар, электр энергиямыз Ресей Федерациясына да экспортталады. Біздің станция – Қазақстандағы ең ірі электр станцияларының бірі. Сондықтан мен үшін бұл жұмыс – болашағым, – дейді Әділ Маликов.

Жас маманның айтуынша, өндірісте үнемі ізденіп, жаңа білім мен тәжірибені меңгеру маңызды. Сондықтан жалқаулыққа салынбай, өзіңе жүктелген міндетті жауапкершілікпен орындап, үнемі дамуға ұмтылу қажет есептейді.
Сондай-ақ іс-шара барысында еңбек саласына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар табысталды.