Бір үйдің баласындаймыз: Павлодарлық сарбаз анасына хат жолдады
5512 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Алмат Бақытбек анасына хат жолдап, Отан алдындағы борышын қалай өтеп жатқаны туралы жазды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Анашым, қалыңыз қалай? Үйдегілер аман-есен бе, ауыл бәрі аман ба? Менде бәрі жақсы, әскери орта керемет, жақсы адамдар бәрі. Біздің командиріміз сізге біздің жетістіктеріміз жайынан баян етіп, сіздерді қуантып жатқан болар. Сіздің ұлыңыз Отан алдындағы борышын атқаруға келетінін кім білген? Мен де күн сайын әдеттегідей ұйқыдан кеш тұру және бұдан басқа да, яғни уақытты бағаламау сияқты сәттердің қадірін түсініп жатқан сияқтымын. Мен бірнеше апта емес, бірнеше ай болса да «әскерден бас тарту» деген ұғымды жат көремін», – дейді сарбаз.
Ол әрбір батыл да жаужүрек ер азамат Отан алдындағы міндеттерінен қашпау керек деген ойда. Сондай-ақ әкесінің берген тәрбиесі мен өрелі өнегесіне деген алғысын жеткізген.
«Байқағаным, тәрбиесі жақсы ер азамат ешқашан өзінің қадір-қасиетін, ар-намысын түсірмейді екен. Әрдайым кез келген жағдайда абырой биігінде болу үшін жұмыста да, сыртта да өз беделдерін жоғалтпайды. Ал әскердегі бедел адал еңбек пен ұшқыр ой-түйсіктің нәтижесінде дариды», – дейді ол.
Алмат Бақытбек өзіне жақын достар тауып, бауырластардай болып кеткен. Әскерде көптеген сәттерді үйреніп, бойына жақсы жақтарын сіңіруде.
«Әр күніміз қазіргі сәтте тарих болып жатыр. Болашақта осы сәттерді өскелең ұрпаққа баяндап отыратын тәріздімін. «Ұйымшылдық» - деген сөздің қадірін осында түсінгендеймін. «Неге?» деген сауал қоярсыз мүмкін, түсінемін. Бұл сұрақты міндетті түрде қоярсыз, себебі жай ғана қара нанды бөліп жеуіміздің өзі ұйымшылдық емес пе? Бір үйдің балаларындай бауырмалмыз. Екі-үш күнде әскери ант қабылдаймыз. Сол кезде сіздің ұлыңыздың болмысы қаншалықты өзгергенін көріп, қатты қуанғаныңызды күтемін. Анашым, Сізге деген сағынышымды қаламның сиясы да жетпес... Мен аяқтайын бұл хатты. Сізді сағындым, Сізді жақсы көремін. Бәріне менен сәлем айтыңыз! Мен келгенше бір шама өзгеріс болатыны анық. Анашым, мүмкін тағы хат жазып тұрармын. Есен-сау тұрыңыздар!», – деп жазды хаттың авторы.
Еске сала кетейік, Түркістан, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 196 сарбаз 5512 әскери бөлімінің саптық алаңында әскери ант қабылдады.