Павлодарда бағбаншыларға қанша айыппұл салынды?

Бүгінде әлеуметтік желілерде саяжайларда кәуап пісіру үшін салынатын айыппұл мәселесі талқылануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлық блогер Kamaelaksu өзінің Instagram аккаунтында саяжайларда құрғақ шөп жағуға және от жағуға қатысты жаңа ережелер туралы ақпаратпен бөлісті. Ол мұндай әрекеттерге тыйым салынғанын және заң бұзушылығы үшін 78 000 теңге айыппұл салынуы мүмкін екенін еске салды.
Бірақ бұл ереже 2006 жылдан бері қолданысқа енгізілген. Өрт қауіпсіздігі ережелерінің 174-тармағында «Құрғақ, ыстық және желді ауа райы тұрақты болған жағдайда қалаларда, ауылдық елді мекендерде және кәсіпорындарда, саяжайлық ауылдарда, бау-бақша учаскелерінде от жағуға, көмір, қоқыс, қалдықтар, құрғақ шөпті жағуға, өрт қауіпті жұмыстарды жүргізуге, сондай ақ стационарлық емес сұйық, қатты және газ тәрізді отынмен жұмыс істейтін пештерді, ас-үй ошақтарын және қазандық қондырғыларын жағуға жол берілмейді» деп жазылған.
Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ведомствоның қызметкерлері 29 саяжай серіктестігінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды қамтамасыз ету мақсатында 48 рейд жүргізді.
– Нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 410-бабының бірінші бөлігі бойынша құрғақ өсімдіктерді өртегені үшін 23 адам ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады ведомствода.
Дегенмен, саяжайларда кәуап дайындау кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтар әлі анықталған жоқ.