Павлодарда «Газель» ұрлаған тұрғын автобус аялдамасына соғылды

Павлодарда «Газель» ұрлаған тұрғын  автобус аялдамасына соғылды
Фото: Константин Шелков

Ол көлік тізгініне масаң күйде отырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 1 қаңтар күні сағат 07:30 шамасында Академик Бектұров көшесіндегі үйдің ауласынан «Газель» маркалы автокөлік ұрланған. Қала тұрғыны Нұркин көшесімен жүріп келе жатып, көлікті басқара алмай, автобус аялдамасына соғылған. Соқтығыстан кейін де қозғалысын жалғастырып,  дүкен ғимаратына соғылды. 

– Оны жақын маңдағы полиция қызметкерлері ұстап, жүргізуші куәлігі жоқ екендігі анықталды. Сондай-ақ автокөлік салонында 17 жастағы кәмелетке толмаған бала болған. Жүргізуші куәландырылып, уақытша ұстау камерасына қамауға алынды, – деді департаментте. 

Мас күйінде және жүргізуші куәлігі жоқ жүргізуші автокөлікті жүргізгені үшін 20 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ, ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 

Автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.