Бауырсақ пати: Екібастұздық тәртіп сақшылары Шаңырақ күнін ерекше атап өтті

Бауырсақ пати: Екібастұздық тәртіп сақшылары Шаңырақ күнін ерекше атап өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шара полиция қызметкерлеріне жылы көңіл-күй сыйлап, ұжымдағы бірлік пен отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мерекелік кездесуді жол-көлік қауіпсіздігі қызметінің инспекторы Темірлан Хамитов, оның жұбайы – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы Арай Хамитова және олардың кішкентай қызы Латифа ұйымдастырды. Іс-шара полиция ғимаратының кіреберіс фойесінде өтіп, қонақтарға жайлы әрі қонақжай атмосфера ұсынылды.

Кездесудің басты идеясы – «шаңырақ» ұғымы арқылы отбасының маңызын, ұрпақтар сабақтастығын және бірлікті дәріптеу. Қонақтарға ұлттық тағам – жаңа піскен бауырсақ ұсынылды.

Шара барысында бөлімше басшылығы мұндай бастамалардың ұжымдық рухты көтеріп, қызметкерлердің ынтымағын нығайтатынын атап өтті.

– Отбасы – қоғамның негізі. Жақын адамдар арасындағы өзара құрмет, қолдау мен сенім – береке мен үйлесімнің кепілі. «Шаңырақ күні» – отбасының қадірін, дәстүрге деген құрметті және қоғамдағы бірліктің маңызын еске салатын мереке, – деді лейтенант Арай Хамитова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар қызметкерлердің көңіл-күйін көтеріп қана қоймай, олардың артында әрқашан берік отбасы мен шаңырақ тұрғанын еске салады.