Павлодарда бір түнде 50-ге жуық жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізілді

Павлодарда бір түнде 50-ге жуық жасөспірім полиция бөлімшесіне жеткізілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар түнгі уақытта үлкендердің бақылауынсыз қыдырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Рейд 18-20 маусым аралығында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, кәмелетке толмағандардың қараусыз және қадағалаусыз қалуын болдырмау мақсатында өткізілуде.

Жжедел-профилактикалық іс-шарасы аясында балалар мен жасөспірімдердің жаппай жиналатын орындарында рейдтер жүргізілуде. Ойын-сауық орындары, аулалар, қараусыз қалған ғимараттар, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қолайсыз ортада болуы мүмкін мекенжайлар тексерілуде. Жасөспірімдерді алкогольдік ішімдіктерді, есірткі және уытты заттарды тұтынуға тарту фактілерін анықтауға, сондай-ақ кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға ерекше назар аударылуда.

— Іс-шараның алғашқы күні түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз тұрғын үйден тыс жерде жүрген 50-ге жуық кәмелетке толмаған жастар полиция бөлімшелеріне жеткізілді, - дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінде. 

Балаларының бассыздығы үшін 60 ата-ана жауапқа тартылған. Оның ішінде 11 ата-ана кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін, 46 заңды өкіл кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғын үйден тыс және ойын-сауық орындарында ересектердің еріп жүруінсіз болуына жол бергені үшін тартылса, тағы бір ата-ана баласының мас күйінде болғаны үшін және тағы екі ата-ана балалары жасаған ұсақ бұзақылық фактілері бойынша заң алдында жауап беруде.