Павлодарда бар ақшасынан айырылған әйел өзіне қол жұмсамақшы болған
Алаяқтарға алданған тұрғын күйзеліске ұшырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Құқық қорғау органдары соңғы уақытта жалған инвестициялық жобалар мен қаржы пирамидаларына қатысты істердің де артқанын атап өтті. Көптеген азаматтар «жылдам пайда табамын» деген үмітпен фейк сайттарға сеніп, ірі сомадағы қаржысынан айырылып жатыр.
– Жақында белгісіз адамдар бір әйелге хабарласып, үш мың доллар табыс уәде еткен инвестициялық жобаға қатысуды ұсынған. Әйел төрт миллион теңге несие рәсімдеп, қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударған. Кейін расында үш мың доллар түскен, бірақ артынша «жоба менеджерлері» хабарласып, ақша қате аударылғанын айтып, қайта жіберуге көндірген. Соңында әйел барлық ақшасынан айырылып, күйзеліске түсті. Өзіне қол жұмсауға әрекеттенгенімен, дер кезінде көмек көрсетіліп, аман қалды. Кейін ол арыз жазып, психологтың көмегін алды, – деді облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің жедел уәкілі Сұлтанбек Кадержанов.
Тәртіп сақшылары бүгінде алаяқтардың құрбаны болу қаупі тек зейнеткерлерге ғана емес, барлық азаматтарға ортақ екенін алға тартты. Бұған себеп – аңғалдық, сыни ойлаудың жетіспеушілігі және оңай жолмен ақша табуға деген ұмтылыс.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды онлайн инвестиция, жылдам табыс және жеңіл несие ұсынатын күмәнді ұсыныстардан сақ болуға шақырады. Әрбір қаржылық шешім алдында ресми дереккөзден тексеріп, жеке ақпаратты ешкімге жария етпеу – қауіпсіздіктің басты кепілі.