«LEGAL CITY»: Павлодарда отбасы құндылықтарын дәріптеген квест өтті
Жиынға шамамен 90 қатысушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы №25 жалпы орта білім беру мектебінде «Заң мен тәртіп» идеясын насихаттау аясында «LEGAL CITY – отбасы заңнан басталады» атты қалалық отбасылық ізденіс ойыны өтті. Іс-шараға қала мектептерінен келген жанұялық командалар қатысып, барлығы 90 адам қамтылды.
Квесттің мақсаты – құқықтық мәдениетті қалыптастыру, жанұялық құндылықтарды нығайту, азаматтық жауапкершілікті арттыру және ата-ана мен балалардың заң мен тәртіпке қызығушылығын күшейту.
Қатысушылар арнайы әзірленген тақырыптық бекеттерден өтіп, түрлі интерактивті тапсырмаларды орындады. Тапсырмалар кәмелетке толмағандар мен ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға және отбасы мүшелері арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды.
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мектеп ата-анасы Анна Бойко квесттен алған әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, балалар тапсырмаларға ерекше қызығушылық танытып, бір-бірімен тез тіл табыса алған.
- Жалпы, іс-шара бізге өте ұнады. Балалардың өздерін қалай ұстағанын бақылау қуанышты болды. Даша топтағы балаларды танымаса да, олар бірден тіл табысып, ұйымшылдықпен жұмыс істеді. Тіпті тапсырмалар аяқталғаннан кейін де балалар жазып, сурет салып, талқылауды жалғастырды, - деді Анна Викторовна.
Танымдық ойын барысында командалар ұйымшылдықтарын, шапшаңдықтарын және тосын жағдайларда шешім қабылдай алу қабілеттерін көрсетті. Сонымен қатар, қатысушылар белсенді азаматтық ұстаным мен заңға бағыну мәдениетінің маңызын тәжірибе арқылы сезінді.
Жиын соңында барлық отбасыларға естелік сыйлықтар табысталып, қатысушылар көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.