Павлодарда белгілі құсбегінің жеке заттары музейге тапсырылды
Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде бүркітші Иманзайып Тасыбаев жайлы «Қыран өмір құпиясы» атты еске алу кеші өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Иманзайып Тасыбаев – Баянауылдың ең мықты бүркітшісі. Ол 2005 жылдары ашылған Баянауыл балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде құсбегіліктен сабақ берген. Музей қорына ағамыздың жеке заттарын тапсырған жұбайы Рымгүл Манатқа алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта музейге келетін адамдар да бүркітшінің шығармашылығымен танысу мақсатында сол кісіге арналған көрме бұрышын ашып қойдық, – дейді Г.Н. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі этнография бөлімінің басшысы Бибігүл Құдабаева.
Музей қорына тапсырылған заттардың ішінде тұғыр, томаға, желаяқ, бау, балдақ, биялай сияқты заттар бар.
Баянауыл тумасы 2009 жылы алғашқы шәкірті – ұлы Ермек екеуі, Қарағанды қаласы Қарқаралы ауданында өткен «Қансонар-2009» чемпионатында Қайсар атты сүйікті әрі ерекше кұсымен бас жүлдені жеңіп алған. Бұл жүлдесі үшін оған спорт шебері атағы берілді.
Рымгүл Манаттың айтуынша, ең соңғы қолға ұстаған қыраны – Тебінгі атты бүркіт. Бүгінде қолынан құс ұшырып жүрген асыл тұяғы ұлдары Ермек пен Сабыр әке жолын жалғастырып келеді.
– Менің жолдасым Иманзайыпқа саятшылық өнері әкесінен дарыған. Республикалык, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Орын ала алмай қалса, ешқашан қабағын түйіп ренжіген емес. Әрқашан «менің бүркітім дайын емес» деп жақсы көңіл күймен үйге оралатын, – дейді ол.
Оның сөзінше, қыран баптау – өте қиын шаруа. Бұдан бөлек, тамақтануы да басқа, ал тамағын дұрыс баптамаса, бүркіт аңға дұрыс ұшпайды. Бүркітке түлкіннің, қоянның еттерін береді.
Иманзайып Тасыбаев Алтай өлкесі Қызыл Ту ауылында 1962 жылы дүниеге келді. 1965 жылы Алтай өлкесінен Павлодар облысы Баянауыл ауданы Жосалы кеңшарына қазіргі Жусіпбек Аймауытов ауылына көшіп келеді. 1969 жылы Жосалы орта мектебінің 1- сыныбына барып, 1981 жылы бітіріп шығады. Елге келген соң 1984- 1997 жылдары арасында Жосалы кеңшарында, 2001-2023 жылдары Баянауыл ұлттық табиғи мемлекеттік паркінде жұмыс істеді. 2005 жылдан бастап Баянауыл жасөспірімдер мектебінде кұсбегіліктен жаттықтырушы болып қызмет атқарды. 1986 жылдан бастап, бүркітшілік өнерімен біржола айналысты. Республикалық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Құсбегі 2023 жылы 27 тамызда дүниеден өткен.
«Жақсы адамның ұрпағы жақсы болса, ол мәңгілік тірі болады», «Жақсының аты өлмейді» демекші, Иманзайып Тасыбаевтың саятшылық өнерге қосқан үлесі болашақ жастар үшін үлгі-өнеге болып қалатыны сөзсіз.
Наргиз Күбеш