Павлодарлықтар белгілі жазушымен онлайн кездесті
Жазушы өзінің бір туындысы арқылы бірнеше аталымдарға ие болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық С. Торайғыров атындағы кітапханада «Бір ел - бір кітап» республикалық акциясы аясында жазушы Төлен Әбдіковтің шығармашылығына арналған «Прозаға тың құбылыс әкелген тұлға» атты оқырман конференциясы өтті.
Бұл жиында студенттер, оқытушылар, филологтар мен жазушылар бас қосты. Олар жазушымен онлайн форматында сұхбаттасып, ой-пікірлерін ортаға салды.
– Аталмыш акция аясында өткізіліп жатқан бұл шараға атсалысуымыз міндет деп санаймын. Жалпы автордың өзімен онлайн болса да тікелей сұхбатқа шығу жақсы нәтиже береді деген ойдамын. Жазушының туындысына келер болсақ, «Парасат майданы» атты шығармасы Абайдың «қара сөздерінің» жалғасы іспеттес. Абайдың заманында айтылған адами жаман қасиеттер бүгінде көбейіп, осы туындының ішінде орын алған, – дейді Торайғыров университетінің профессоры Раушан Мүталиева.
Төлен Әбдіков - қазіргі заманның көрнекті жазушыларының бірі. Автордың жекелеген әңгімелері мен повестері басқа тілдерге аударылып, бірқатар шет елдерде жарық көрді. «Парасат майданы» повесі үшін Франц Кафка атындағы халықаралық медальмен, Қазақстандағы ПЕН-клубтың сыйлығымен, ҚР Мемлекеттік сыйлығымен марапатталды.
Айта кету керек, оқырман назарына «Адалдық алаңындағы қаламгер» атты кітап көрмесі ұсынылды. Онда Т. Әбдіковтің туындылары, сондай-ақ оның шығармашылығына арналған кітаптар, энциклопедиялар, анықтамалықтар қойылады.