Павлодарда егде жастағы адамдар скандинавиялық жүрісті үйренді
Сабақ еріктілердің бастамасымен іске асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының бастамасымен Павлодарда егде жастағы адамдарға арналған скандинавиялық жүріс бойынша арнайы сабақ өтті. Игі бастаманы волонтерлік орталық М.Қанапиянов атындағы жоғары колледж студенттерімен бірлесіп ұйымдастырды.
Сабақта еге жастағы тұрғындарға қос таяқпен жүруді үйретуде аталмыш білім ордасының студенттері Станислав Стоцкий, Николай Макаров, Аян Сайпен және арнайы пәндер оқытушысы Регина Мейер жетекшілік етті.
Қатысушылар скандинавиялық жүрістің негізгі қағидаларымен танысып қана қоймай, таяқшаларды дұрыс ұстау мен пайдалану, қозғалыс техникасы және жаттығу кезіндегі дене қалпына назар аударуды үйренді. Теориялық білім бірден тәжірибе жүзінде бекітілді.
— Жаттығу кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау, денеге түсетін жүктемені дұрыс бөлу және адамның жеке мүмкіндігін ескеру мәселелеріне ерекше көңіл бөлдік. Қатысушылар өздерінің жас ерекшеліктеріне қарамастан барлық ереже мен нұсқаулықты бірден үйреніп алуға тырысты, - дейді Регина Мейер.
Мамандардың айтуынша, қозғалысты дұрыс ұйымдастыру денсаулыққа пайдалы әсер беріп, дене қозғалысын арттыруға мүмкіндік береді.
Сабақ қатысушылар үшін дене белсенділігін арттырумен қатар, жаңа адамдармен танысып, еркін қарым-қатынас жасауға мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылар мұндай кездесулерді алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр. Өйткені белсенді өмір салты – денсаулықты сақтаудың ғана емес, сергек көңіл-күй мен әлеуметтік байланысты нығайтудың маңызды бөлігі екені сөзсіз.