Павлодарда жазасын өтеуші әйелдер кондитерлік өнімдер жасап үйренді

№44 мекемесінде алғаш рет бір күндік аспаздық шеберлік сабағы өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатқан әйелдерге арналған «Ұннан және кондитерлік өнімдер өндіру» тақырыбындағы шеберлік сабағын кәсіби аспаз-кондитер жүргізді.
Курс аясында төрт жазасын өтеуші әйел бәліш, кекс, пончик пісірудің тәжірибелік дағдыларын меңгеріп, ас үй құралдары мен жабдықтарымен кәсіби жұмыс істеуді үйренді. Сонымен қатар, әртүрлі өнімдердің қасиеттерімен танысып, олармен жұмыс істеудің ерекшеліктерін білді. Ерекше назар қамыр дайындаудың қыр-сырына, оның консистенциясына және дәмді пісірудің басқа да тәсілдеріне аударылды.
– Мен бұл шеберлік сабағына қатысуды ас дайындау қабілетімді жетілдіру үшін таңдадым. Бұған дейін қамыр дайындау маған оңайға соқпайтын – не тым қатты, не тым сұйық болып кететін. Кәсіби аспаз-кондитер бізге мінсіз қамыр дайындаудың құпияларын үйретті, пайдалы кеңестерімен бөлісті. Біздің әрқайсымыздың отбасымыз бар, бостандыққа шыққан соң оларды дәмді тағамдармен қуантқымыз келеді. Тіпті болашақта өз кондитерлік дүкенімізді ашсақ дейміз, – дейді қатысушылардың бірі.
Курс соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, дайындалған өнімдерден дәм тату шарасы ұйымдастырылды.
Бұл бастаманың басты мақсаты – жазасын өтеуші әйелдердің табысты әлеуметтік бейімделуіне ықпал ету. Алынған сертификаттар олардың бостандыққа шыққаннан кейін жұмысқа орналасуына немесе жеке кәсіп ашуына мүмкіндік береді.