Павлодарлық психолог: Балаға «ашуланба» деп тыйым салуға болмайды

Павлодарлық психолог: Балаға «ашуланба» деп  тыйым салуға болмайды
Фото: автор

@qaz.Pavlodarnews.kz парақшасында 25 жалпы орта білім беру мектебінің педагог-психологы Жанар Ордабаева балалар тәрбиесіндегі эмоциялық интеллектті дамытудың маңыздылығы, эмоцияны тұншықтырудың салдары, эмоциялық интеллектті дамытудың жолдары тақырыптарында ой өрбітті.

 – Эмоция «тітіркену» деген мағынаны білдіреді. Оның тас жарып, тас көтерер қаухары бар. Адам эмоциясы – алапат күш. Ең бастысы, адам эмоцияны басқару білу керек, – дейді ол. 

Психологтың айтуынша, баланың мінезі үш жастан бастап қалыптасады. Демек, осы жастан бастап, эмоциясын білдіреді. Ал жалпы бір жастан бастап өзіне не ұнайтыны, ұнамайтыны сияқты қалауларын білдіре бастайды. 

Ата-ананың балаға қалаған нәрсесін алып беруі дұрыс емес. Бірақ «баланы төріне отырғызсаң да, төбеңе отырғызба демекші» балаға өзіне қалайтын емес, шынымен де қажетті дүниені ғана алып беру керек. Нақтырақ айтқанда, баламен сөйлесіп, ненің дұрыс-бұрыс еместігін үйретуі керек. Олардың қалаулары жылдам әрі көп, бірақ нені қалайтынын сұрыптау керек.

Балаға эмоционалды интеллекті үйрету керек. Бала өз ойын ата-анасына еркін жеткізуді үйренуі тиіс. 

– Кез келген эмоция адамға тән. Эмоцияны білдіру, қате деп қабылдау – дұрыс емес. «Мен не сезіп тұрмын?» деген сұрақ қою арқылы сезім мен эмоцияны ажырата аламыз. Ең бастысы, бала – әрбір эмоциясын еркін әрі көркем түрде жеткізуі керек. Ер баланың эмоциясын тұншықтырса, болашақта бала қатігез болып өседі. Себебі, уақытылы бала эмоциясын шығара алмады. Кейін эмоциясын, ішкі сезімін шығармаса, тұйықталып қалады. Содан соң, ішімдікке, басқа да жаман әрекеттерге баруы мүмкін, – дейді Жанар Ордабаева.

Психологтың сөзінше, эмоциялық интеллекті басқару қарапайым нәрселерден басталады. Эмоциялық интеллектті дамыту мектепке дейінгі балалар тәрбиесінде маңызды дүние саналады. Оған көбінде ересектер қауымымен әрекеттесу негіз болады. Осы ретте ескеретін нәрсе – эмоциялық интеллект тек баланың өзіндік сезімін қабылдау атмосферасында ғана дамиды. Сол арқылы бала эмоция мен адамның көптігін түсінеді және соны қабылдап өседі. Мәселен, кей отбасында қандай да бір эмоцияны (ашу, қорқыныш, т.б.) танытуға тыйым салынып жатады. Өз кезегінде, эмоция атаулы еріксіз пайда болатынын ескеру міндет. Ересек адамға жеңіл болғанмен, балаға бұл қиындық тудырады. Баланың эмоциясын тұншықтырудың салдары зиянды екенін ата-ана түсіну керек. Мәселен, «ашуланба» деп балаға тыйым етуге болмайды. Дұрысы – оның ашуын түсініп, тиімді жолмен шығаруына жол көрсету. Өз кезегінде «ашуланба» іспетті бұйрық сөз арқылы ата-ана баласын эмоцияны тұншықтыруға баулиды. «Ініңе ызаланып, ашуланып тұрғаныңды көріп тұрмын. Қабағыңды, одан қалды жұдырығыңды түйіп тұрсың. Мұндай жағдайда ініңе барып, оған деген ашу-ызаң туралы айтсаң болады. Сол арқылы екеуің, бәлкім, ортақ мәмілеге келерсіңдер. Ашуың сейілмей жатса, грушаны соққылап көрсең болады» деп түсіндірген абзал. Дәл осындай эмоцияның еркін танылу жағдайында өскен бала ғана эмоциясын түсініп,  сезімін басқарып өседі.

 – Эмоциялық интеллект деңгейі жоғары адамдар қиын жағдайда тиімді әрекет етіп, оң шешім қабылдай алады, айналасындағылармен дұрыс әрекеттесе алады. Бұл олардың мансаптық жолының нәтижелі құрылуына, дамуына ықпал етеді. Сондай-ақ өзіңнің және алдыңда тұрған өзгенің оң немесе теріс сезімін мойындай алу, фактіден жеке сезімді, эмоцияны ажырата алу, көңіл күй мен темпераментті сезінуге дағдылану да эмоциялық интеллекті жоғары жанға ғана тән. Осылайша аталмыш қабілет бизнесті жүргізуде, сондай-ақ коммуникация мен басқару жүйесін ұтымды орнатуда  жаңа нәтижелі құралға айналып отыр, – дейді ол. 

Маман балалардың эмоциялық интеллекті дамытудың жолдарын түсіндірді:

1. Өзіңізге үңіліп, жіті зерттеп, құндылықтарды таныңыз. Құндылықтарды тану – өзіңді басқарудың, мүдделестерді табудың оңтайлы жолы саналады.

2. Кері байланыс пен сынға ашық болыңыз. Өзгенің пікірімен келіспеуге де, оны қабылдамауға да еріктісіз. Алайда бірнеше тарапты тыңдау арқылы өз позицияңды қайта қарастыруға, кемшін тұстарын көруге болады.

3. Әртүрлі уақыттағы эмоцияңыңызды зерттеңіз. Әсіресе, қатты күйзелген сәттеріңізді бақылаңыз. Әрбір сезінген эмоцияңызды атауға дағдыланыңыз. Мәселен, «досымның мына сөзі менің бойымда реніш немесе қуаныш немесе ыза тудырды» деп бәрін өз атымен атау маңызды. Мұндай тәсіл эмоциялық сөздігіңізді көбейтіп, өзгелермен тиімді әрекеттесудің жолын кеңейтеді.

4. Күйзеліске тап болсаңыз, терең дем алыңыз. Біз эмоцияны физикалық түрде сезінеміз. Яғни, күйзеліс жан дүниеңіздегі тепе-теңдікті ұрлаумен бірге, қантамырдың жиырылуына алып келеді. Бұл ми жұмысына зиян. Ал терең дем алу эмоциялық кернеуді бәсеңдетеді.

5. Өміріңіздің әр саласында саналылыққа ұмтылыңыз. Қайсыбір жағдайды, адамдардың сізге деген ойын әсірелеуден аулақ болыңыз. Қалыптылықты сақтап, сезіміңізді бақылауда ұстаңыз.

6. Кез келген нәрсеге күмәнмен қараңыз. Рефлекторлық теріс пиғылға  салынбас бұрын естіген нәрсеңізді алдымен күмәнмен сейілтіңіз. Мәселеге сырт көзбен қарауға талпыныңыз.