Павлодарда екі автокөлік өртке оранды

Павлодарда екі автокөлік өртке оранды
Фото: облыстық ТЖД баспасөз қызметінен

Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетіп, тілсіз жауды қысқа уақыт ішінде сөндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша,16 наурыз күні сағат 21:10-да «101» қызметінің пультіне Мәшһүр Жүсіп көшесі, 312 мекенжайында автокөліктің өртенгені туралы хабарлама түскен.

–  Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер жалынды 10 минут ішінде сөндірді. Өрттің ауданы 2,5 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр, – деді департаментте. 

Екінші жағдай сол күні сағат 21:40-та Мәшһүр Жүсіп көшесі, 25 мекенжайында тіркелді. Шақырту орнына жедел жеткен өрт сөндіру жасағы автокөліктің қозғалтқыш бөлігіндегі өртену мен резеңке-техникалық бұйымдардың бықсуын бір шаршы метр аумақта сөндірген. Мамандардың үйлесімді әрекетінің арқасында өрттің басқа нысандарға таралуына жол берілмеді.

Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға автокөлікті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ескертеді. Мамандар көліктің техникалық жағдайын тұрақты тексеріп, электр сымдарының жарамдылығын бақылап, көлікте міндетті түрде жұмысқа жарамды өрт сөндіргіш болуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.