Павлодарлық коммуналдық қызметтер қысқы маусымға толық дайын
Коммуналдық қызметтер қар тазалау жұмыстарына қажетті техника мен жұмысшыларды дайындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов арнайы техниканың қысқы маусымға дайындығын тексерді.
Коммуналдық техниканың дайындығы 100 пайызды құрайды. Қысқы жұмыстарға шамамен 500 адам дайын. Тағы 150 жұмысшы орамішілік аумақтарды тазалаумен айналысады.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов коммуналдық қызметтердің мол жауын-шашынға, әсіресе тазалау жұмыстарын қиындатуы мүмкін сулы қарға қаншалықты дайын екенін сұрады. Сондай-ақ өңір басшысы қалың қар жауған жағдайда қосымша техниканы тарту мүмкіндігі қарастырылғанын нақтылады. Коммуналдық ұйым өкілдерінің айтуынша, қажет болған жағдайда қосымша күш пен техника жұмылдырылады.
– Бұл мәселе назардан тыс қалмайды. Облыстық жолдар, аудандар, қалалар және барлық бағыттарға жауапты мердігерлер бекітілген. Олардың барлығы қажетті материалдық-техникалық база, арнайы техника және жұмыс күшімен қамтамасыз етілген. Екібастұз бен Ақсуда да жағдай осындай. Коммуналдық техника бұрынғыдан да мобильді әрі заманауи бола түсті, – деді өңір басшысы.

Асайын Байханов қосымша аумақтарды, әсіресе Павлодар қаласында жыл сайын көбейіп келе жатқан жаяу жүргіншілер жолдарын тазалаудың маңыздылығын ескертті.
– Соңғы жылдары облыс орталығының көшелерінде тағы 50 шақырым жаяу жүргіншілер жолы пайда болды. Бұл – қосымша жұмыс көлемі. Аталған учаскелердің барлығын да қардан тазарту қажет, – деді облыс әкімі.
Коммуналдық ұйым өкілдерінің айтуынша, жаңа аумақтар тазалау жұмыстарының жоспарына енгізілген.
«Горкомхоз» ЖШС-нің директоры Григорий Сельскийдің айтуынша, қыс мезгілінде облыс орталығы көшелерінің тазалығына екі ұйым жауап береді.
– Павлодар көшелерін тазалау үшін 300-ге жуық коммуналдық техника дайындалды. Олардың қатарында тиегіштер, самосвалдар, тазалағышы бар тракторлар, құм сепкіштер, КамАЗ базасындағы аралас жол машиналары, шнекороторлар мен автогрейдерлер бар, – деді Григорий Сельский.
Павлодарда коммуналдық техника жыл сайын жаңартылып отырады. Жыл сайын 20-ға дейін жаңа көлік сатып алынады. Арнайы техниканың тағы бір партиясы алғашқы қар жауғанға дейін жеткізіледі.