Павлодарда киік мүйіздерін сақтаған азаматтың түрме жазасы қысқарды

Павлодарда киік мүйіздерін сақтаған азаматтың түрме жазасы қысқарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сотқа мәжіліс депутаттары, қоғам өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда ҚР ҚК-тің 339-бабы бойынша сотталған азаматтың ісі 16 қыркүйек күні қабылданған жаңа 339 -1-бапқа сәйкес қайта қаралып, ер адам бостандыққа жіберілді. Бұл — қылмыстық заңнаманы оңтайландыру жөніндегі заң күшіне енгеннен кейінгі алғашқы сот процестерінің бірі.

Бостандыққа шыққан Сағындық Шапиевтің айтуынша, ол киік мүйіздерін сақтағаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Ер адамның үйінен 465 дана мүйіз тапқан. Ол мүйіздерді екі жыл бойы жинаған.

–  Орал облысы Ақжайық ауданының сот үкімімен сотталдым. Далада өліп жатқан киіктер көп қой, солардың мүйіздерін жинадым. Оларды сатқан жоқпын, тек қана сақтадым. Олай жасауға болмайтынын білмедім, – деді ол.

Сотталушы үш жарым жыл жазасын өтеп, жаңа заңның негізінде сот залында мерзімінен бұрын босатылды. Конституцияның 30 жылдық мерейтойына орай оның он бір айын амнистиямен алып тастады.

Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ сот процесіне қатысып, жаңа заңның қабылдану тарихына тоқталды.

–  2022 жылы Президент өз Жолдауында қылмыстық заңнамаларды қайта қарап, оның құрамын зерделеу тапсырмасын берді. Соның нәтижесінде 2024 жылы Қылмыстық кодексті оңтайландыру туралы заң қабылданды. Сол заңның ішінде 339-бап бойынша істі болған азаматтарға қатысты жаңа 339-1-бап енгізілді. Бұл бап сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің қосалқы өнімдерін сақтаған немесе тасымалдаған азаматтарға жеңіл жаза қарастырады, – деді депутат.

Оның айтуынша, бұған дейін браконьерлер мен жай ғана сақтаушылар бір баппен жазаланып келген. Бұл әділетсіз жағдай еді. Себебі табиғатқа нақты зиян келтірмеген адамдар да ауыр жаза арқалады. Экс заңгер, депутат Абзал Құспан осы мәселені көтеріп, жаңа бап енгізу бастамасын қолдады. Нәтижесінде 800-ден астам азаматтың ісі қайта қаралады.

Қылмыстық істер азаматтардың өтінімдерінің аясында қайта қаралады. Егер қылмыскер әлі де жазасын өтеп жазса, онда сол мекеменің басшылығы арқылы өтініш білдіреді. Ал жазасын толық өткен адамдар иск береді.

Қаладағы сот отырысы жаңа заңның әділдікке бағытталған нақты қадамы екенін көрсетті. Жүздеген азаматтың тағдыры қайта қаралып, отбасына оралуға мүмкіндік берілмек.