Павлодарда киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың бірыңғай алгоритмі әзірленуде

Павлодарда киберқылмысқа қарсы іс-қимылдың бірыңғай алгоритмі әзірленуде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Алдағы уақытта «Дропперлердің» шоттарын бұғаттау мерзімін қысқарту көзделуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаментінде интернет-алаяқтықтарды тергеу және цифрлық активтерді қадағалаудың заманауи құралдарын енгізу мәселелері талқыланды. Кездесу бейнеконференция форматында ұйымдастырылып, оған киберполиция қызметкерлері мен сарапшылар қатысты.

Облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ризабек Жанат киберқылмысты тіркеу сәтінен бастап, жәбірленушілерге келтірілген қаражатты нақты қайтаруға және қылмыскерлердің криптоәмияндарын бұғаттауға дейінгі бірыңғай іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді ұсынды.

Семинар барысында антифрод-орталықтың тиімділігі, екінші деңгейлі банктердің әрекет ету алгоритмдері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар, «Дропперлердің» шоттарын бұғаттау мерзімін қысқарту және ұрланған қаражатты қайтару рәсімдерін жеңілдету мәселесі де ерекше назарға ілікті. Тергеушілердің жұмысын жеделдету мақсатында жүйеде баламалы верификация тәсілдерін енгізу жайы сөз болды.

Цифрлық инновациялар аясында әзірлеушілер «криптоіздерді» қадағалау жүйесінің жобасын таныстырды. 

- Аталған құрал тергеу барысында транзиттік операцияларды нақты уақыт режимінде талдауға және терең қаржылық аналитика арқылы қылмыстық схемаларды ұйымдастырушыларды анықтауға мүмкіндік береді.  Жаңа алгоритм банктердің, криптобиржалардың және тергеу бөлімшелерінің жұмысын өзара байланыстырады. Қылмысты тіркеумен қатар, қаражаттың «цифрлық эфирге» кетуіне жол бермеу үшін шоттарға жедел шектеу қою маңызды, - делінген хабарладама.

Кездесу қорытындысы бойынша ведомствоаралық әрекет ету мерзімдері бекітіліп, жауапты тұлғалар айқындалды. Мамандар алаяқтарға өз карталарын ұсынған тұлғалардың әрекеті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 232-1-бабы бойынша қаралатынын еске салады. 

Айта кетелік, аталмыш бап 2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне енгізілген жаңа баптардың бірі. Мұнда банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оны беру немесе алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру, оның ішінде материалдық сыйақы үшін үшінші тұлғаға банк картасын беру әрекеттері дропперлік болып саналады.

Іс-әрекеттің ауырлығына, сипатына және алынған пайда мөлшеріне қарай 232-1-бап айыппұлдан бастап, мүлікті тәркілей отырып 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.