Павлодарда Конституция күніне орай кітап көрмесі өтті
«Ата Заң – ел дамуының кепілі» атты кітап көрмесінде 50-ден астам басылым ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сонымен қатар Конституцияның рөлі мен маңызы туралы ғылыми конференциялар материалдары, мемлекет пен құқық тарихы, Қазақстанның құқықтық демократиялық мемлекет ретінде қалыптасуы, еліміздің Конституциясының тарихы бойынша басылымдар қойылды.
Көрмеде Ө.Қопабаевтың «Ата заң – мемлекет дамуының іргетасы», Ғ.Сапарғалиевтың «Қазақстан Республикасының конституциялық құқығы», «Казахстан: этапы государственности» және т.б. кітаптарымен танысуға болады.
– Конституция – әр адамның құқығы мен еркіндігінің көрінісі, тұтас мемлекет идеологиясының келбеті. Біздің қоғамның әрбір азаматы өз құқықтарын, міндеттері мен ережелерін сақтауға және заңдарды құрметтеуге міндетті, – дейді С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық кітапханасында.
Бұдан бөлек, Конституция күні қарсаңында Ертіс өзенінің жағалауында қала тұрғындары үшін «Айбары асқақ ата заң!» атты патриоттық акция өтті. Акцияға қатысушылар Конституция негіздері мен оның тарихын білуге арналған викторинаға құлшыныспен белсенділік танытып, дұрыс жауаптары үшін сыйлықтарға ие болды.
Еске сала кетейік, 30 тамызда еліміздің басты мерекелерінің бірі – Қазақстан Республикасының Конституция күні. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Конституция қысқа мерзімді перспективаларды қамтыды. 1995 жылы 30 тамызда жаңа Конституция бекітілді.