Павлодар облысында Ньюкасл ауруына қарсы үй құстарына тегін екпе салынды
Бұл – вирустық ауруды алдын алу мақсатында жүргізілген профилактикалық іс-шара, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ньюкасл ауруы – тыныс алу органдарының, асқазан-ішек жолдарының және орталық жүйке жүйесінің зақымдалуымен сипатталатын құстардың жедел және тез таралатын вирустық ауруы. Павлодар облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асылтас Тілеубаевтың сөзінше, аталмшы ауру алғаш рет 19 ғасырда Англияда тіркелген.
– Бізде Ньюкасл ауруы тіркелген жоқ. Бірақ былтыр Оңтүстік Қазақстан облысында осы ауру құс фабрикада тіркелген болатын, сондықтан да ауыл шаруашылығы министрлігі аймақтарға вакциналарды бөлді. Биылдан бастап бізде Ньюкасл ауруына мемлекеттік тапсырыстан, яғни тегін түрде үй құстарын егу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Асылтас Тілеубаев.
Айта кетейік, бұл ауру құстың жаппай өлімін тудырады: жедел ағымда ауру, құс өлімінің 60-90% құрайды. Әсіресе, жас құс ауруға сезімтал келеді. Үйректер мен қаздар ауруға төзімді, бірақ вирус тасымалдаушы және инфекцияны тасымалдаушы бола алады. Аурудың инкубациялық кезеңі 3-7 күнге, кейде 9-12 күнге созылады. Инфекция көзі – ауру құстар (инкубациялық кезеңде), сондай-ақ кеміргіштер мен жабайы құстар болып табылады.