Успен ауданында қысқа жем-шөп қоры жеткілікті
Биыл бір гектардан алты-жеті центнер шөп алынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашев мәлім етті.
– Өткен жылдан қалған қорды есептегенде қысқы маусымға керекті жем-шөп көлемінің 85 пайызы жиналды. Әлі де шөп шабу-жинау жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе соңғы айларда түскен жауын-шашын оң әсерін тигізуде, – дейді Нұрболат Мақашев.
Аудан әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен келіссөздер жүргізілуде. Олармен шабу жұмыстары барысында орылған сабанды қалдыру жөнінде меморандумға қол қойылды.
Айта кетерлігі, биыл облыста егістік көлемі былтырғыдан 80 мың гектарға көбейіп, барлығы 1 млн 650 мың гектарды құраған. Алайда құрғақшылықтың салдарынан 168 мың гектарға егілген майлы және дәнді дақылдар күйіп кетті. Сондықтан осы жылы аталған дақыл түрлері егістіктен шамамен екі есеге аз жиналмақ.
Еске сала кетейік, Успен ауданында түйіршіктелген жем-шөп шығарылуда. Түйіршіктелген жем-шөптің құрамына дәнді дақылдар, күнбағыс майы, су, ірі жем кіреді. Түйіршіктелген жем-шөптің басты артықшылығы – жануарлар мен құстар қоректік заттардың қажетті мөлшерін алады, себебі әрбір түйіршіктің құрамы барлық қажетті қоректік ингредиенттерді қамтиды.