Павлодарда кәсіпкер мен фермер мәселелері талқыланды

Павлодарда кәсіпкер мен фермер мәселелері талқыланды
Фото: @business_v_pavlodare

Отырыста кәсіпкерлер мен фермерлер жер мен микрокредит мәселелерін талқылап, өзара шешім жолдарын іздеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Нұрлан Нәбиевтің төрағалығымен өткен «Атамекен» Палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында «Шығыс Жолдары» ЖШС және «UAK» ФҚ проблемалық мәселелері зерделенді.

«Шығыс Жолдары» ЖШС Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасына жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізу және «Шарбақты-1» кен орнында құмды барлау үшін жер учаскесін беру бойынша көмек сұрап жүгінді. Компания Шарбақты ауылындағы құм өндіру мақсатында уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын алды, келісімшартқа қол қойылды.

2023 жылдың басында ЖШС Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қосымша жер учаскесін сұрағанымен, ұсынылған учаскенің Шарбақты ауылының елді мекені аумағында, зиратта, ерекше қорғалатын табиғи аймақ – «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты мен автомобиль және темір жолдар өтетін жерлерде орналасқаны анықталды. Осы себептер бойынша өтініш кәсіпорыннан бас тартылды.

Палатаға ұсынылған учаскенің бос және ауыл жерлеріне жатпайтыны, соның ішінде Шарбақты ауылдық округ әкімімен және резерватпен жүргізілген хат алмасудан белгілі болды. Резерват өз хатында жердің ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамына кірмейтінін мәлімдеді.

– Бұдан басқа, бұл компанияға карьерден 15 шақырым қашықтықта басқа жер берілді, бұл барлау жұмыстарына қолайсыздық туғызады. Осының барлығы «Шығыс Жолдары» ЖШС-ні Павлодар облысының Кәсіпкерлер палатасына осы мәселені қарау үшін алып келді, – деп атап өтті кеңес төрағасы Нұрлан Нәбиев.

Кеңес «Шығыс Жолдары» ЖШС-не Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасына енгізу және құм барлау үшін жер беру туралы өтінім беруді ұсынды. Сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасының Шарбақты аудандық филиалы директорына құжаттарды жинап, өтінімді жолдау бойынша қолдау көрсету ұсынылды.

Екінші мәселеде, 2022 жылдың шілдесінде «Атамекен-Павлодар» микроқаржы ұйымымен жасалған микрокредит шартына сәйкес, фермерлік шаруашылыққа 15 бас жылқы сатып алу мақсатында 7 200 000 теңгеге микрокредит берілді. Микрокредит мерзімі 60 ай, төлем бойынша жылдық 6 пайыздық сыйақы мөлшерлемесі, ал тиімді сыйақы мөлшерлемесі 6,2 пайызды құрады. Кепіл ретінде нарықтық құны 10 672 000 теңге болатын «Toyota Camry» жеңіл көлігі ұсынылды.

2022 жылғы шілдеден 2023 жылғы шілге дейін фермер тек сыйақы төлеуді жүзеге асырды, алайда 2023 жылы шөп тапшылығы салдарынан төлемдерде қиындықтар туындады. Мәселені шешу мақсатында тараптар 2024 жылғы 13 мамырда дауды медиация арқылы реттеу туралы келісімге қол қойды. Оның шарттары бойынша, фермер 2024 жылғы 29 шілдеден бастап 2027 жылғы 29 шілге дейін 7 307 034 теңге қарыз сомасын төлеуге міндеттенді.

Дегенмен, төлемдердің кешігіп жүруі нәтижесінде 2024 жылғы 3 қыркүйекте мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен микроқаржы ұйымына 7 307 034 теңге көлеміндегі қарыз өндіріліп алынды. Фермер сот шешіміне қарсылығын білдіріп, дауға жеке шағым бергені белгілі болды. Өткен жылдың 29 қарашасында соттың анықтауымен тапсырылған құжаттардың мерзімі өтіп кеткендіктен, мәселе қайта қаралды.

– «UAK» ФҚ «Атамекен» Палатасына кеңес отырысында жылжымалы мүлікке тыйым салуды алып тастап, сот орындаушысының атқару парағын қайтарып алу және борышты төлеу мерзімін 2025 жылдың соңына дейін ұзарту мүмкіндігін қарастыруды өтінді, – деді Нұрлан Нәбиев.

Кеңес өз тарапынан «Атамекен-Павлодар» МҚҰ-ға сот орындаушыдан атқару парағын қайтарып алу және өзара тиімді шарттарда қарыз төлеуді кейінге қалдыру жөнінде ұсыныс жасады.