Баянауыл ауданында тұрғындар мал қорымы мәселесін көтерді

Баянауыл ауданында тұрғындар мал қорымы мәселесін көтерді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Аудан әкімі Ардақ Кісентаев Ақсаң және Күркелі ауылдық округтерінде тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жиын барысында жергілікті жұртшылық әлеуметтік маңызы бар мәселелерде өздерінің өтініштері мен ұсыныстарын білдірді. Өткен жылы Ақсаң ауылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енгізіліп, ірі жобалар жүзеге асырылды. 

– Аталған ауылдық округтің тұрғындары мал қорымы қажет екенін айтты. Сонымен қатар, малдарынан бруцеллез ауруы анықталған үйлерге дезинфекция жасау мәселесін көтерді. Тиісті шаралар заңнамаға сәйкес орындалады, – дейді Ардақ Кісентаев.

Биыл Қаражар-Южное автомобиль жолының 13 шақырымын жөндеуге қаржы бөлінген. Жоба екі жылдық, жалпы құны –  578 млн 747 мың теңге, ағымдағы жылға 350 млн 294 мың теңгесі қарастырылған. 

Қаражар ауылында 2,650 шақырым ауылішілік жол күрделі жөндеуден өтіп, көше жарығы орнатылады. Күркелі ауылдық округінде де жүйелі жұмыстар атқарылуда, әзірге су құбыры мәселесі әлі де өзекті болып қалуда. 

Сондай-ақ Қ.Кемеңгеров атындағы мектепке күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінген. Жұмат Шанин ауылында көше жарықтандырылып, халықтың қауіпсіздігі қамтамасыз  етіледі. 

Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындар  мал жайылымына арналған жер, мал дәрігерінің анықтамасын алу бойынша мәселелерді көтерді.