Павлодарда жедел жәрдем мен Lexus, «ВАЗ» соқтығысты
Жол-көлік оқиғасы Ак. Сәтбаев – Қайырбаев көшелерінің қиылысында орын алған, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, жыпылықтайтын шамдарын жаққан реанимобиль Ак. Сәтбаев көшесімен келе жатқан және бағдаршамның жасыл сигналына қиылысты кесіп өтіп бара жатқан. Сол сәтте жедел жәрдем көлігіне жоғары жылдамдықпен Lexus автокөлігі келіп соғылған.
– Медициналық топ науқасты №1 қалалық ауруханаға апара жатқан. Апат туралы хабарланғаннан кейін дереу науқасты ауруханаға жеткізген басқа медициналық топ оқиға орнына жіберілді. Жол апатында науқас та, жедел жәрдем қызметкерлері де зардап шеккен жоқ. Бұл ретте 103 облыстық станцияға реанимобильдің зақымдануы түрінде елеулі залал келтірілді, – деді станцияда.
Жедел жәрдем станциясында автокөлік жүргізушілері жедел жәрдем көлігі бағдаршамның рұқсат етілген сигналына және жыпылықтайтын шамдармен өтіп бара жатса да жол бермейтіні туралы айтады. Дәрігерлер облыс тұрғындарын жол ережелерін сақтауға және көлік жүргізу кезінде қырағы болуға шақырады.
Облыстық полиция департаментінде 13 шілде күні сағат 14.30-да Ак. Сәтбаев-Қайырбаев көшелерінің қиылысында Lexus, «ВАЗ-21114» маркалы автокөліктер мен жедел жәрдем соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан көлік жүргізушілері медициналық көмекке жүгінген.
Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша тексеру жүргізіледі, сараптама тағайындалады.
Еске сала кетейік, Ак. Сәтбаев - М. Горький көшелерінің қиылысында жедел жәрдем автокөлікпен соқтығысқан. Реанимобиль бағдаршамның жасыл түсіне өтіп бара жатқан. Салдарынан «103» қызметінің дәрігері зардап шекті.