Жұмыскерлер жиі жарақат алатын Павлодар облысы кәсіпорындарының антирейтингі жарияланды
Кәсіпорын үлкен болған сайын өндірістік жарақат алудың мүмкіндігі де жоғарылайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов аталмыш кәсіпорындарды санамалап өтті.
Тізімді алты жазатайым оқиға тіркелген Ақсу ферроқорытпа зауыты мен «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ бастады. Әрі қарай бес-бестен жарақат алу фактісі бар KSP Steel, «Богатырь көмір» және павлодарлық Алюминий зауыты жайғасты.
- Бұл жерде адам саны көп ірі әрі қауіпті кәсіпорындар туралы айтып тұрғанымыз анық, - деді Асқар Қапанов. – Олардың кейбіреулерінде құрал-жабдық ескірген, ол да жарақат алудың мүмкіндігін арттырады. Адам неғұрлым көп болған сайын, жазатайым оқиғалар саны да артады.
Жарақатты ең көп алатындар тау-кен және металлургия саласының жұмыскерлері – 33 адам. Әрі қарай құрылыс және энергетика саласы, сәйкесінше, 15 және жеті адам.
2022 жылдың қорытындысы бойынша облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында 110 жазатайым оқиға болды, онда 112 адам зардап шекті, оның ішінде ауыр нәтижемен – 66 адам, өліммен аяқталған – алты адам. Барлық жағдайда кәсіпорынның 100% кінәсі дәлелденді.
Фото: Константин Шелков