Павлодарда кәсіпкерлерге сауда заңнамасының жаңа талаптары түсіндірілді
Облыстық кәсіпкерлер палатасы сауда саласындағы заңнаманы түсіндіру бойынша осы сала субъектілеріне арналған кеңес ұйымдастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жиынды «Атамекен» ӨКП директорының орынбасары Мұрат Мұсатаев жүргізді.
– Өткен жылы Қазақстанның сауда саласындағы заңнамасына бірқатар өзгерістер енгізілді, – деді облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Болат Тұрмағанбет.
Атап айтқанда, ішкі және электрондық саудаға қатысты ережелер жаңартылды.
– Елдің сауда саласындағы қызметін реттейтін негізгі нормативтік-құқықтық актілер – 2004 жылғы «Сауда қызметін реттеу туралы» Заң, 2015 жылы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы бекіткен Ішкі сауда қағидалары, сондай-ақ 2023 жылы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы бекіткен Сауда базарлары қызметін ұйымдастыру қағидалары, аумақты ұстау, жабдықтау және материалдық-техникалық қамтамасыз ету талаптары, – деп атап өтті спикер.
Үшінші құжат негізінен сауда базарларының иелері мен әкімшілеріне қатысты.
– 2025 жылдың желтоқсанында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі қайта қаралды. Сауда және интеграция министрінің бұйрығына сәйкес олардың кеңейтілген тізімі бекітілді. Атаулар саны 19-дан 31-ге дейін ұлғайтылды. Бұл шара уақытша сипатқа ие және бағаның өсуін тежеуге бағытталған, – деді Болат Тұрмағанбет.
Әлеуметтік маңызы бар санаттағы барлық азық-түлік тауарлары өндірушісіне, шыққан еліне, көлеміне, өлшеміне, қаптамасы мен буып-түюіне қарамастан мемлекеттік баға реттеуіне жатады. Мұндай тауарларға заңнама сатып алу бағасынан 15 пайыздан аспайтын сауда үстемесіне шектеу белгілеген.
– Осы талаптардың сақталуын бақылау – департаментіміздің негізгі міндеттерінің бірі. Сауда үстемесін асырып жібергені үшін 5-тен 150 айлық есептік көрсеткішке дейін әкімшілік айыппұл қарастырылған, – деп қосты спикер.
Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен бұл кеңеске қатысқан кәсіпкерлер таңдалған салық режимін ескере отырып рұқсат етілген үстемеақы мөлшері және өзге де мәселелер бойынша сұрақтар қойды.