Павлодарда мұз астынан құтқару операциясы жаттығуда пысықталды
Өңірде су тасқыны қаупіне қарсы 1 800-ден астам адам мен 900-ден астам техника жұмылдырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақта көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық аясында «Көктем-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығуы жалғасуда. Жаттығу барысында төтенше жағдайлар кезінде іс-қимылдарды үйлестіру және жедел шешім қабылдау тетіктері пысықталуда.
Жедел штаб барлық қызметтердің нақты өзара іс-қимылын қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі уақытта инженерлік техника теміржол платформаларына тиеліп, елді мекендерді су басу қаупі бар аймақтарға жөнелтілуде.
– Оқу-жаттығу шеңберінде авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде мұз астына түскен адамды құтқару сценарийі де пысықталды. Барлық іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Жалпы 65 практикалық іс-шара қарастырылған. Олардың қатарында су өткізгіш құбырларды тазалау, су бұру арналарының жағдайын ретке келтіру, эвакуациялық пункттерді тексеру, инженерлік техниканы жөнелту және халықты көшіру шаралары бар. Ықтимал су тасқынына жедел ден қою үшін арнайы күштер тобы құрылды, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Ведомствода атап өткендей, жаттығуға 1 871 адам, 975 бірлік техника және 21 жүзу құралы тартылды.