Павлодарда оқушы қыз туберкулезге күдікпен ауруханаға жатқызылды
Жағдайды уәкілетті органдар бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Дарынды балаларға арналған №3 гимназия әкімшілігінің мәліметінше, 7 қазанда оқушылардың бірінен туберкулезге күдік бар екені туралы хабарлама түскен. Қыз Павлодар облыстық фтизиопульмонология орталығына жатқызылып, қазіргі уақытта медициналық көмек алып жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалауда.
Білім беру мекемесінде алдын алу және індетке қарсы шаралар жүргізілді. Атап айтқанда, оқушының сыныптастарына манту сынамасы жасалды, ал оқу кабинеттері мен ортақ пайдаланылатын орындар залалсыздандырылды. Сонымен қатар, мектеп қызметкерлері флюорографиялық тексеруден өтеді.
Білім ордасында дезинфекциялық құралдарды пайдалана отырып, ылғалды тазалау жұмыстары жүргізіліп, бөлмелер тұрақты түрде желдетілуде.
Мектеп әкімшілігі кәмелетке толмаған баланың денсаулық жағдайы туралы қосымша ақпарат Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 273-бабына сәйкес жария етуге жатпайтынын атап өтті.