Павлодарда оқушыларға арналған бассейндердің саны артуда
Жыл басынан бері бес мыңнан астам оқушы жүзуді үйренді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде оқушыларды жүзуге үйрететін 122 каркастық-модульдік бассейн бар. Жыл басынан бері бес мыңнан астам оқушы оқытылды. Биыл бұл мақсатта тағы 18 каркастық-модульдік бассейнді сатып алу жоспарлануда.
Бұл туралы Павлодар облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының офицері Темірлан Жапалбай мәлім етті.
– Балаларды жүзуге үйрету мақсатында жыл сайын бассейндер санын ұлғайтуға тырысамыз. Облыстың оқу орындарында жазғы лагерь кезінде балаларды жүзуге үйрету жұмыстары жүргізіледі. Дене шынықтыру мұғалімдеріне басқарманың құтқару жасағы оқыту жұмыстарын өткізеді. Яғни бірінші инструкторларды дайындаймыз, әрі қарай олар балалармен жұмыс істейді, – деді басқарма офицері.
Бұдан бөлек, 2024 жылдың жазғы кезеңінде Ertis Рromenade аумағында «Бақытты балалық шақ» қауіпсіздік мектебі қайта жанданды. Жаз бойы орталық жағалаудағы балалар мен ересектер судағы қауіпсіздік ережелерін, жүзу қабілетін және алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйрене алады.
Темірлан Жапалбай қазір ата-аналар балаларын жиі орталық жағажайдағы бассейнге апаратынын айтты. Осыған байланысты жағажайдағы балалардың саны азайған.