Павлодарда полиция департаменті ашық есік күнін өткізді

Павлодарда полиция департаменті ашық есік күнін өткізді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шараға жүзге жуық оқушы мен студент қатысып, ішкі істер органдарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Іс-шара барысында жастарға заманауи бейнебақылау құрылғылары, қару-жарақ түрлері мен қызметтік иттердің дағдылары көрсетілді. Шараға қатысқан Б. Ахметов атындағы педагогикалық колледж студенті Айсауле Мұхамед алған әсерімен бөлісті.

– Маған ашық есік күні өте қатты ұнады. Әсіресе, иттердің көрсеткен трюктары ерекше әсер қалдырды. Егер болашақта мамандығымды ауыстыратын жағдай болса, дәл осы салаға түскім келеді, – дейді Айсауле.

Павлодар қаласы патрульдік полиция батальоны взвод командирінің орынбасары, полиция капитаны Елжас Қалиевтің айтуынша, мұндай ашық есік күндері әр ай сайын ұйымдастырылатынын атап өтті. 

– Іс-шараның басты мақсаты – жастарға полиция қызметін ашық түрде көрсету. Олар болашақта мамандық таңдағанда осындай танысудың пайдасы зор. Биыл бізде жаңа технологиялар енгізіліп, бірқатар талаптар жаңартылып жатыр. Осы бағытта да оқушыларға кеңінен ақпарат берілді, – деді ол.

Әлихан Бөкейхан атындағы лицей мектебінің мұғалімі Қарлығаш Айтжанова да шараның маңыздылығына тоқталды.

– Бұл іс-шара оқушыларға өте қатты ұнады. Көңіл-күйлері жақсы, қызығушылықтары жоғары. Осындай кездесулер олардың болашағына бағыт береді деп ойлаймын, – дейді ұстаз.

Ашық есік күніне келген жастардың көбі полиция қызметіне деген қызығушылықтарының артқанын айтып, болашақта осы салада қызмет еткілері келетінін жеткізді.

Жансая Мәлік