Павлодарға қарасты ауылда ток соққан жасөспірім қайтыс болды
Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қайғылы оқиға 12 сәуірде Мойылды ауылында орын алды. Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, электр жарақаты, ес-түссіз жатқан адам деген хабарламаға медициналық бригада жіберілген болатын.
– Мекенжайға жеткен дәрігерлер 40 минут реанимациялық іс-шаралар жасаған, алайда 2007 жылы туған жасөспірімді құтқара алмады,– деді станцияда.
Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінде оқиғаның мән-жайы түсіндірілді.
– 12 сәуірде сағат 19:00 шамасында Мойылды ауылында Ұлы Дала көшесінде орналасқан төртінші трансформаторлық қосалқы станцияда қайғылы жағдай орын алды. 17 жастағы бала электр тогы соғып, көз жұмды,– деді баспасөз қызметінде.
Жасөспірім Павлодарда тұрған, алайда сол кезде әжесінің үйінде қонақта жүрген. Жоғарыда аталған 4-ТҚС «ПРЭК» АҚ есебінде.
Облысты полиция департаменті сот-медициналық сараптама тағайындалғанын және оның нәтижелері бойынша іс жүргізу шешімі қабылданатынын мәлім етті.