Павлодарда сегіз шетелдік Орталық жағалауда заңсыз жұмыс істеген
Жұмыс берушіге 370 мың теңгеге айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық шараның төрт күнінде құқықтық тәртіп сақшылары 640 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның ішінде, алкогольдік ішімдіктерді ішудің 210 фактісі, ұсақ бұзақылықтың 51 дерегі, көші-қон заңнамасын бұзудың 261 фактісі тіркелді.
Қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметінің қызметкерлері Орталық жағалауда уәкілетті органның рұқсатынсыз еңбек еткен Өзбекстан Республикасының сегіз азаматын анықтады.
– Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып, шетелдік жұмыс күші мен еңбекші көшіп келушілерді еңбек етуге тартқаны үшін жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 369 200 теңге көлемінде айыппұл салынды,– деді департаментте.
Сот шешімімен Өзбекстан Республикасының азаматтары елден шығарылды.
Полиция департаменті қылмысқа қарсы күресті күшейтуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шара 20 мамырға дейін жалғасады.