Павлодарда шығармашылықпен айналысатындар қанша табыс табады?

Павлодарда шығармашылықпен айналысатындар қанша табыс табады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Республика бойынша бұл салада орташа жалақы 316,4 мың теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 23,2 пайызға жоғары, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында шығармашылық, өнер және ойын-сауық салаларында еңбек ететін мамандар 2025 жылдың алғашқы тоқсанында орта есеппен 235,7 мың теңге жалақы алған. 

Креативті индустрияға музыка, кино, дизайн, маркетинг, әдебиет және IT-жобалар сияқты бағыттар кіреді. 

Бұл саладағы ең жоғары жалақы Алматыда тіркелді. Бұл қалада шығармашылық сала мамандары орта есеппен 373,3 мың теңге алады. Одан кейінгі қатарда Астана мен Қызылорда облысы тұр. Екеуінде де орташа жалақы – 364,9 мың теңге. Сондай-ақ, Алматы облысы (321,4 мың теңге) мен Шығыс Қазақстан облысы (319,5 мың теңге) да – көшбасшылардың қатарында.

Ал жалақы деңгейі төменірек аймақтарға Түркістан облысы (209,3 мың теңге), Жамбыл облысы (212,3 мың теңге) және Маңғыстау облысы (235,3 мың теңге) жатады.

Павлодар облысының көрсеткіші осы ең төменгі үштік деңгейінен жоғары, бұл өңірде шығармашылық мамандықтардың біртіндеп нығайып келе жатқанын аңғартады.

2024 жылы жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша қазақстандықтардың 52,9 пайызы шығармашылық мамандықтарға оң көзқараста, 61,2 пайызы арнайы білім беру бағдарламалары қажет дейді. Ең тартымды мамандықтар ретінде дизайнер, маркетолог және музыкант аталды.

Павлодарда шығармашылық салада еңбек ететін азаматтар үшін нақты экономикалық ілгерілеу байқалады. Креативті индустрия аймақта жастарды тартатын, жаңа мамандықтарға жол ашатын сала ретінде қалыптасып келеді.