Павлодарда студенттерге заңдағы жаңа өзгерістер түсіндірілді

Құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шара Торайғыров университетінде өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жиында Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа баптар таныстырылып, студенттер өз ойларымен бөлісті.
Павлодар облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция капитаны Сүйіндік Қайырбаев интернет-алаяқтықпен күреске қатысты маңызды өзгерістерге тоқталды.
– Қазіргі таңда киберқылмыс түрлері жылдан жылға көбейіп келеді. Жастардың алаяқтардың құрбаны болмауы үшін біз алдын алу жұмыстарын жүргізудеміз. Жаңа енгізілген Қылмыстық кодекстің 232-бабының 1-1 тармағы – алаяқтардан түскен ақшаны банктік карталардан шешіп алған тұлғалар тікелей қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұрын мұндай іс-әрекеттер қатысушылық ретінде қарастырылатын, енді ол жеке баппен қаралады, – деді ол.
Ал тергеу басқармасы киберқылмыстарды тергеу бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ринат Ахметзянов жаңа енгізілген «Сталкинг» және «Мәжбүрлеп некеге тұрғызу» баптарына тоқталды.
– Сталкинг – жастар арасында жиі кездесетін құбылыс. Бұрынғы таныстар немесе бөгде адамдар құрбандарын қудалап, қысым көрсетеді, қорқытады. Енді мұндай әрекеттер үшін 50 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған. Ал Қылмыстық кодекстің 121-бабының 1-1 тармағы бойынша мәжбүрлеп некеге тұрғызу үшін он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. Бұл – азаматтардың негізгі құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам, – деді ол.
Шараға қатысқан студенттер де заңдағы өзгерістердің өзектілігін атап өтті.
– Іс-шара біз үшін өте маңызды болды. Жаңа заң баптарының енгізілуі қоғам үшін қажет. Мысалы, сталкинг бабы жастарды қорғауға бағытталған. Сонымен қатар, мәжбүрлеп некеге тұрғызуға қарсы заң қазіргі заман талабына сай. Ал дропперлікке қарсы норма киберқылмыспен күресте маңызды рөл атқарады. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, әр азамат өз құқығы мен міндетін білуі керек, – деді Торайғыров университетінің екінші курс студенті, заң факультетінде оқитын Дмитрий Бабулиди.
Ал магистратураның бірінші курс студенті, студенттер қауымдастығының төрағасы Нұрхан Ералы жастардың құқықтық сауаттылығына ерекше мән беру қажеттігін айтты.
– Заң мен тәртіп тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, ол – әрбір азаматтың жауапкершілігі. Жастардың арасында құқықтық білімді кеңінен насихаттау қылмыстың алдын алуға сеп болады. Әсіресе интернет-алаяқтықтан сақтану үшін студенттер өз құқықтарын жақсы білуі керек. Ал мәжбүрлеп некеге тұрғызуға қатысты заңның қабылдануы өте дұрыс. Бұл – қыздардың құқығын қорғауға бағытталған шешім. Әркім өз тағдырын өзі таңдау құқығына ие болуы тиіс, – деді ол.
Іс-шара соңында студенттер мамандарға өз сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Жастарға құқықтық мәдениетті қалыптастыру және алаяқтықтың алдын алу – құқық қорғау органдарының басты мақсаттарының бірі.