Павлодарда тіл майталмандары марапатталды
«Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты облыстық конкурсқа 15 материал ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар бастамаларын дамыту орталығында Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет «Жарнама – тіл тазалығының көрінісі» атты облыстық конкурстың марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Бұл конкурс қазақстандықтардың бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдегі жарнама мәтінін сауатты ресімдеу жолдарын насихаттау, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңы талаптарының орындалуын қадағалау жұмыстарына атсалысып, белсенділік танытып жүрген азаматтарға қолдау көрсету және жарнама мәтінін әзірлейтін копирайтерлер мен мемлекеттік тілге аударма жасайтын мамандарды ынталандыруға бағытталған.
– Бұл сіздердің көп жылдар бойы тіл саясатын дамытуға қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіздің жемісі деп білеміз! Алдағы уақытта әрбір бастаған бастамаларыңызға шығармашылық табыс тілейміз. Баршаңыздың марапаттарыңыз құтты болсын! – деді Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Саяуыш Сәдуақасов.
Басшының айтуынша, мемлекеттік тілге құрмет көрсетіп, қазақ тілінің өз деңгейінде қолданылуына атсалысып, өз қызметтерінде ана тілімізді барынша насихаттап жүрген тұлғалар бүгінде қандай да болмасын қошемет пен марапатқа лайық.
– Аталған конкурсқа заңды тұлғалардың мемлекеттік тілде жарнама мәтінін әзірлейтін копирайтерлері және мекемелердің мемлекеттік тілге аударма жасайтын мамандары қатысуға мүмкіндік алды, – дейді Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Жібек Жолшыбекова.
Ереже талаптарына сәйкес қатысушылар 2023 жылы және 2024 жылы қазақ тілінде әзірленген және қазақ тіліне аударған жарнама, бейнежарнама, аудиожарнама мәтіндерінің жарияланған орындарын дәлелдейтін құжаттарын ұйымдастырушыларға ұсынған болатын. Бұл – БАҚ беттеріндегі, әлеуметтік желілердегі жарнамалар, телеарна мен радио атауы, фотосурет, баннер, билборд, сілтеме, скриншот, келісілген жарнама үлгілері, аударған мәтіндері.
Қазылар алқасы қатысушылардан келіп түскен материалдардың саны мен көлеміне, аударма мәтіндерінің мағыналық және мазмұндық сәйкестігіне және аударма мәтіндерінің тілдік норма тұрғысынан сауаттылығы мен сапасына баға беріп, ең бастысы ереже талаптарына сүйене отырып, қорытындысын шығарды.
Қазылар алқасының қорытындысы бойынша бірінші орынға «Ана тілі» орталығы» ЖШС-ның аудармашысы Баршагүл Сергазина, екінші орынға Шарбақты ауданының ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қазына Қадасқызы, үшінші орынға Ақсу қаласының ферроқорытпа зауытының мәдени ұйымдастырушысы Жұлдыз Аязбаева лайықты деп танылды.
Айта кетейік, барлық қатысушылар мен жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.