Лозовое ауылында дәріхана қашан ашылады?
Мәселені елді мекен тұрғындары жылдар бойы көтеріп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашев Лозовое ауылында жұмыс сапарымен болды. Дәріхана ашу мәселесін талқылауға инвестор, медициналық қызметкерлер мен ауылдың қоғамдық кеңес мүшелері жиналды.
Нәтижесінде нысанды іске қосу ақпан айының соңына жоспарланды. Сонымен қатар, үш тарап дәріхана орналасатын жерді анықтады. Осылайша, халықтың дәрі-дәрмекке деген қолжетімділігі арта түседі.
Бұл жобаны жүзеге асыру ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға елеулі үлес қосады. Лозовое ауылындағы дәріхана халықтың денсаулығы мен әл-ауқатына қызмет етпек. Мұны кәсіпкер Қанат Ержанов бастаған инвестор, медицина мамандары және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бірлескен күш-жігері қамтамасыз етеді.
Ауданның емдеу мекемелерін кадрлармен қамту мәселесі де кезең-кезеңмен шешімін тауып келеді. Өткен жылы жас бес дәрігер және бірнеше медбике көшіп келіп, баспанамен қамтылды.