Тоғыз миллиондық қарыз: Павлодарда борышкердің көлігі айып тұрағына тоғытылды

Тоғыз миллиондық қарыз: Павлодарда борышкердің көлігі айып тұрағына тоғытылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қала жолдарындағы қауіпсіздікті арттыру мақсатында «Оракул», «Кибер-Шериф», «ZEREK-2» және «Мерген» АӨК жүйелері жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Жандос Мейрамғазының айтуынша, патрульдеу барысында Nissan Primera маркалы автокөлігінің жүргізушісі тоқтатылған. Тексеру нәтижесінде жүргізушінің жалпы сомасы шамамен тоғыз миллион теңге көлемінде өтелмеген несиелері бар екені анықталды. Осыған байланысты көлік құралы қарыз толық өтелгенге дейін арнайы айып тұрағына қойылды.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған материалдар кейіннен жеке сот орындаушыларына жолданып, қарызды өндіріп алу мәжбүрлі тәртіппен жүзеге асырылады.

Полиция жүргізушілерді заңнамада белгіленген талаптарды сақтауға және қарыздарды уақтылы өтеуге шақырады. Бұл мәжбүрлеу шараларының қолданылуына жол бермеуге мүмкіндік береді.