Павлодарда Ұлттық ұлан сарбаздары жоғалған алты жасар қызды тапты

Павлодарда Ұлттық ұлан сарбаздары жоғалған алты жасар қызды тапты
Фото: Pexels.com/cottonbro studio

Павлодар қаласында Ұлттық ұлан әскери қызметшілері аутизмге шалдыққан жоғалған баланы жедел түрде тауып, анасына тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы “Шығыс” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға кешкі сағат 22:10 шамасында Назарбаев көшесінде патрульдеу кезінде болған. 5512 әскери бөлімінің сарбаздарына әйел адам жүгініп, алты жастағы қызының жоғалып кеткенін хабарлаған. Анасының айтуынша, бала сары күрте киген және аутизмге шалдыққан.

Бұл жағдай іздестіру жұмыстарын күрделендірді, себебі қыз бала айналасындағылардың шақыруына жауап бермеуі және қала ішінде адасып кетуі мүмкін еді. Әскери қызметшілер дереу ықтимал бағыттарды тексеріп, жақын маңдағы көшелер мен қоғамдық орындарды қарап шықты.

Жедел әрі үйлесімді әрекеттердің нәтижесінде бала Байзақов атындағы филармония маңынан табылды. Қыздың өмірі мен денсаулығына қауіп төнбеген, ол анасына аман-есен тапсырылды.