Павлодарда «Қыр баласы» шығарған тоғыз кітап таныстырылды
Іс-шара аясында Қаныш Сәтбаев феномені талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханасында қазақтан шыққан тұңғыш академик, геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы аясында «Алаш – ұлтты оятқан рухты сөз» атты шара ұйымдастырылды.
Жиынды «Ақ жол» демократиялық партиясының облыстық филиалы мен Алаш бағытындағы «Қыр баласы» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр.
Оның аясында Қаныш Сәтбаев феномені, «Иман-Ислам» Нұғыман Манайдың өмірі мен шығармашылығы, «Ғазымбек Бірімжан» – өмірі мен шығармашылығы, «Жетісудағы алаш тарихы» – Жаркент іздері, Ахмет Байтұрсынұлының нақыл сөздері, Міржақып Дулатұлының нақыл сөздері, Халел Досмұхамедұлының нақыл сөздері, Мұстафа Шоқайдың нақыл сөздері, Әлихан Бөкейханның нақыл сөздері атты кітаптардың тұсауы кесілді.
– «Қыр баласы» қоғамдық қорының ең басты мақсаты – аты аталмай жүрген, есімі елге белгісіз, артында жоқтаушысы жоқ Алаш қайраткерлерінің атын шығару, насихаттау, дәріптеу. Осы идея жолында аталған тоғыз кітапты жарыққа шығарып отырмыз. Кітаптар алаштанушы жас ғалымдарға, тарихты оқып жатқан студенттерге, жалпы ғылыми ортаға арналған. Ал нақыл сөздер, әрине, жалпы қауымға арнап шығарылды, – дейді қор президенті Жанболат Аблайхан.
Айта кетерлігі, «Ұлтты оятқан ұлы сөз» сериясы бойынша бес кітап және Нұғыман Манай кітабы алғаш рет «краудфандинг» бойынша жарыққа шыққан. Краудфандинг деген – ғылым садақасы. Ал Қаныш Сәтбаев феномені ғылым академиясының қолдауымен шықса, қалған екі кітап жеке кәсіпкерлердің қолдауымен жарық көрген.
Сонымен қатар, кітаптар тұсаукесерінен бөлек, «Қыр баласы» қоғамдық қорының және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Назерке Болатқызының Алаш қайраткерлеріне арналған жеке көрмесі назарға ұсынылды.