Шалдай орманшылығында қар тоқтату шаралары жүргізілді
Бұл топырақтағы ылғал тапшылығын жою үшін қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мекеме баспасөз-қызметінің хабарлауынша, көшеттердің жерсіну деңгейінің төмендігі мен қарағай алқаптарын сақтау мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
А. Бөкейханов атындағы орман шаруашылығы және агроорманмелиорация қазақ ғылыми-зерттеу институты мамандарының зерттеулері нәтижесінде құрғақшылық мәселесінің туындауына көктемде топырақтағы ылғалдың аздығы себеп.
– Вегетациялық кезеңнің басталуына дейін Шалдай филиалының Сейтен орманшылығында 15 гектарлық жерде қар тоқтату жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта қар жамылғысының биіктігі 15–25 сантиметр аралығында. Қар жамылғысы алқапта біркелкі деңгейге келтіріледі. Осылайша, қарағайлы учаскелер ылғалдандырылып, жас көшеттердің қурап қалуына жол берілмейді, – дейді мамандар.
Орманшылардың айтуынша, шараларды жоспарлау орман өсiм жағдайларын және алдыңғы жылдарда қылқан жапырақтылардың жерсiнуiн талдау негiзiнде жүзеге асырылады. Ең алдымен құрғауға бейiм, механикалық құрамы жеңiл топырақтар, биiктеу және желге ашық аумақтарда, сондай-ақ сақталу көрсеткiштерi төмен алаңдарда жүргiзiледi.
Учаскелердi таңдау барысында климаттық ерекшелiктер, жер бедерi және қар тоқтатылу дәрежесi ескерiледi.