Павлодар облысында адасқан үш ауыл тұрғыны құтқарылды
Павлодар облысында құтқарушылар қыр аумағында адасып кеткен үш ер адамды аман-есен тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, 112 шұғыл қызмет пультіне үш адамның жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына Екібастұз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлері жедел түрде шықты.
Анықталғандай, ер адамдар түнгі уақытта Екібастұздан 75 шақырым жерде орналасқан Тортүй ауылынан жаяу жолға шыққан. Алайда жолда бағытынан жаңылып, қыр аумағында адасып кеткен.
Құтқарушылардың жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде азаматтар қысқа уақыт ішінде табылып, қауіпсіз жерге жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет болмаған.